Семейде жылу нысандары мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Семейде жылу нысандары мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевтың төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындыққа қатысты жұмыс кеңесі өтті. Жиынға тиісті бөлімдер мен коммуналдық қызметтердің басшылары қатысты.

Кездесу барысында қаладағы жылу көздері мен жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысы егжей-тегжейлі қаралды. Қазіргі уақытта ЖЭО-1, РК-1, сондай-ақ «МЭН», «5 интернат», «35 квартал», «Солнечная», «РК-3», «АБВ Восточный», «Центр», «103-103А», «Ғаббасов», «Зооветинститут» жылу қазандықтарында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

«Жылыту маусымына дайындық белгіленген мерзімнен кешікпеуі тиіс. Тіпті күн суыған жағдайда халықты жылумен қамтамасыз ете алатын жағдайда болуымыз керек. Қала тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз жылумен қамту – ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан әр нысандағы жұмыстар нақты жоспар мен жауапкершілікке негізделуі қажет», – деді Бекжан Бапышев.

Сонымен қатар, ұзындығы 5,38 шақырымды құрайтын жылу желілерін жөндеу жоспарланған, оның 3,7 шақырымы бүгінде толық аяқталған. Жөндеу жұмыстары бекітілген графикке сәйкес жүргізілуде.

Жиын қорытындысында барлық жауапты мекемелерге жылыту маусымына уақытылы әрі сапалы дайындалу бойынша нақты тапсырмалар берілді.