Табысты алмастыру коэффициентінің маңызы және оның зейнетақы жүйесіндегі рөлі

Табысты алмастыру коэффициентінің маңызы және оның зейнетақы жүйесіндегі рөлі

Халықаралық ұйымдар зейнетақының лайықтылығының маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде табысты алмастыру коэффициентін (ТАК) атайды. Бұл зейнетақы төлемдері мен қызметкердің зейнеткерлікке шыққанға дейінгі жалақысының арақатынасын, яғни оның зейнетақысы жалақысын қаншалықты алмастыра алғанын көрсетеді.

Айта кету керек, ТАК – бұл мақсатты бағдар, оның мәні әр қызметкер үшін бірегей және оның еңбек табысы мен өтіліне, зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы шотына аударудың жүйелілігі мен толықтығымен тікелей байланысты.

 Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін модернизациялау тұжырымдамасында зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі кемінде 35 жыл және аударымдардың жүйелілігі жылына 12 рет болған кезде жиынтық зейнетақы төлемдерін еңбекақысының кемінде 40% деңгейінде (Халықаралық еңбек ұйымының стандарты) сақтау көзделген.

 2024 жылы зейнеткерлік жасқа жеткен және зейнетақы төлемдерін (мемлекеттен ынтымақты және базалық, сондай-ақ БЖЗҚ-дан жинақтаушы зейнетақы) ала бастаған БЖЗҚ салымшыларының зейнетақының барлық түрлерін қосқандағы төлем жиынтығының алмастыру коэффициенті жалақының орташа деңгейінің 41%-дан астамын құрады.

Дамыған елдерден байқап отырғанымыздай, алдағы уақытта зейнетақының басым бөлігі жинақтаушы зейнетақыдан құралады. Отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесі адамның еңбек жолының толық кезеңі саналатын өзінің шамамен 40 жылдық циклына әлі жеткен жоқ. Осыған байланысты зейнетке шыққандардың жинақтау жүйесіндегі өтілі әзірге жеткіліксіз. Сонымен қатар, жинақтаушы жүйені енгізудің алғашқы жылдары табыстың төмен болуы, жарналардың уақылы және толығымен аударылмауы өз әсерін тигізді. Сондықтан қазіргі зейнетақы төлемдерінде ынтымақты зейнетақының үлесі жоғары, дегенмен жылдан-жылға азайып келеді.

Актуарлық есептерге сәйкес болашақта еңбек жолын 2024 жылы бастаған (22 жасында) және 2065 жылы зейнетке шығатын салымшылардағы жинақтаушы зейнетақы есебінен алмастыру коэффициенті олардың табысының кем дегенде 35%-ын құрайды. Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылады. Бұған қоса азаматтар мөлшері БЖЗҚ-ға МЗЖ аударымдарының өтіліне байланысты болатын базалық зейнетақы алады. Мұндай қызметкерлердің ынтымақты зейнетақы алуға құқығы болмайды.

 Қазіргі уақытта БЖЗҚ әрбір салымшы үшін орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін есептеуді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және/немесе емдеуге пайдалану үшін ТАК қалай есептеледі

Төмендегі шарттардың бірі сақталған жағдайда БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдардың біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) алуға құқылы екенін атап өткен жөн:

  • Зейнетақы жинақтары ең төменгі жеткіліктілік шегінен асса
  • Болашақ зейнетақы (ынтымақты және базалық) ағымдағы табыстың кемінде 40%-н құраса[1]
  • Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалса.

 

Заңнамада ТАК есептеу алгоритмі келесідей бекітілген:

Ай сайынғы зейнетақы (тағайындалған күнгі базалық+ынтымақты) алушының соңғы 5 жылдағы (зейнеткерлікке шыққанға дейінгі) орташа айлық табысына (ОАТ) бөлінеді. ОАТ шамасы инфляцияны ескере отырып түзетілген 5 жыл ішіндегі оның нақты міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) туралы деректер негізінде есептеледі және республика бойынша орташа айлық табыспен шектеледі.

 

Әлеуметтік кодекске сәйкес зейнетақы төлемдері тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар және өмір бойы ай сайынғы қамту төленетін отставкадағы судьялар үшін ОАТ ауыстыру коэффициенті 40%-ға тең бекітіледі.

ТАК есептеу үшін тек базалық және ынтымақты зейнетақылар есепке алынады, олар зейнеткерге 40%-дан төмен емес өмір бойғы кірісті қамтамасыз етуі керек. ТАК-тың осындай деңгейіне жеткен кезде зейнеткер өз жинақтарының 50%-на дейінгі соманы тұрғын үйге немесе емделуге пайдалана алады.

Егер азамат зейнетақы аннуитеті шартын жасаған болса, яғни сақтандыру компаниясынан ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің кем дегенде 70% көлеміндегі өмір бойғы зейнетақы төлемін алса, ол БЖЗҚ-дағы өзінің зейнетақы шотындағы барлық жинақтарды тұрғын үйге немесе емделуге пайдалануға құқылы.

Алмастыру коэффициентінің мәнін түсіну азаматтарға зейнетақы төлемдері арқылы қаржылық тұрақтылығын жоспарлауға көмектеседі. Жыл сайын жинақтаушы зейнетақының маңызы артып келеді. Барлық азаматтар үшін мемлекеттік саясат пен зейнетақы жүйесінің лайықты зейнетақыны қамтамасыз ету бағытында дамуы маңызды.