«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» №12 кітапхана-бөлімшесінде «Ертіс» аула клубы мүшелерінің және №7, №20 мектеп жанындағы жазғы лагерь оқушыларының қатысуымен Халықаралық әкелер күніне арналған «Әкенің үлгісі – ұрпаққа өнеге» атты тәрбие сағаты өткізілді.
Кіріспе сөзінде кітапхана қызметкері маусым айының үшінші жексенбісі Қазақстанда да, әлемнің көптеген елдерінде де Халықаралық әкелер күні мерекесі аталып өтетінін айтты. Сондай-ақ, әке балаларына бағыт-бағдар беретін, тәрбие мен тағылымның бастауы екендігі, балаға әкенің жүріс-тұрысы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, даналығы мен білімі үлгі болатыны айтылды.
Тәрбие сағаты балалардың әкелеріне арнаған әндерімен, тілектерін білдіруімен және өлең жолдарын оқуымен жалғасты. Сонымен қатар, әке туралы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер оқылды.
Балалар әкелері, олардың мамандығы мен жетістіктері жайында әңгімелеп, әкелерімен бірге өткізетін сүйікті істері туралы ойларымен бөлісті, әкелеріне арналған өлеңдерді жатқа оқыды. Сонымен қатар әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты бейнелейтін бейнеролик көрсетілді.