«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Әкем - тірегім, анам - жүрегім» тақырыптық күніне арналған «Отбасы - бақыт мекені» атты мерекелік кеш өткізілді.
Шараға «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Абай облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Бакдаулетовна Оразбекова, «Ақ Ұлпа Аналары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Абетаевна Сүлейменова мен Ахметов, Айтмұратов және Табулдиновтар көпбалалы отбасылары қатысты.
Шара барысында кітапхана қызметкері ҚР Президентінің Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында Оқу - ағарту министрлігі 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» атты тұжырымдаманы әзірленіп, сол тұжырымдамаға сәйкес 22 мамыр күні «Әкем - тірегім, анам - жүрегім» атты тақырыптық күн болып бекітілгенін жеткізіп, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ - ұлт болашағының кепілі деп атап өтті.
Сонымен қатар отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек және балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру - ата - ананың ең маңызды міндеті деп жеткізді.
Шара қонақтары Ахметов, Айтмуратов және Табулдиновтар көпбалалы отбасылары өздерінің отбасы мүшелерімен таныстыра отырып, үйдегі ұстанатын қағидалары мен тәлім-тәрбиелері жөнінде сөз қозғап, «Бақытты отбасының сыры неде?» деген сұраққа өз ойларын жеткізді.
Мерекелік кеш қуыршақ театрының «Бауырсақ» ертегісімен және ертегілерден құрастырылған пазлды жинау ойындары арқылы отбасылық сайыстарымен жалғасын тапты.
Әрі қарай шара қонағы Г.Б.Оразбекова соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлініп жатқандығын жеткізе отырып, отбасында ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік, отбасы бірлігі бекем болса болашағымыз да баянды, ұрпақ тәрбиесі де ұлағатқа толы болмақ деп жеткізді.
Жүрекке жылулық ұялатып, көмек қолын ұсыну - үлкен адамдық пен адамгершіліктің асқар шыңы - деп «Ақ Ұлпа Аналары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А.А.Сүлейменова сөз кезегін жалғап, отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, сондықтан отбасы берекелі, тату болу үшін мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек деп атап өтті.
Шара соңында мәдениет саласындағы кәсіподақ өкілдері мен «Додо пицца» әкімшілігі демеушілерінің атынан көп балалы отбасыларға тәттілер мен сыйлықтар табыс етілді..
Кешті қорытындылаған кітапханашы - бұл мереке отбасының рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтуға септігін тигізетінін айтып, барлық отбасыларға татулық, тыныштық, жайлылық, махаббат пен өзара түсіністік тіледі.
Қалалық орталық кітапхана