
Ертіс ауылдық округіне қарасты Мұқыр ауылында жергілікті тұрғындардың қатысуымен алдағы жазғы кезеңдегі мал бағымын ұйымдастыру мәселелері бойынша жиналыс өтті.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы жануарларын жазғы жайылымдарға шығару, ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау және мал ұрлығының алдын алу шаралары кеңінен талқыланды. Әкімдік өкілдері тұрғындарға малды қараусыз қалдырмаудың маңыздылығын және бекітілген жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану қажеттігін түсіндірді.
Кездесудің басты нәтижесі ретінде ауыл тұрғындары мен бақташылар арасында жазғы маусымға арналған екіжақты келісімшарттар жасалды. Бұл құжат мал бағымына жауапты тұлғалардың міндеттерін нақтылап, тараптар арасындағы еңбекақы мен материалдық жауапкершілік мәселелерін заңды түрде реттеуге мүмкіндік береді.
Округ әкімдігі осы бағыттағы жұмыстардың сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстайды.