Биылғы көктемде Абай облысындағы стратегиялық маңызды нысандардың бірі – Шүлбі су қоймасында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кең ауқымды оқу-жаттығу өтеді.
Қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған бұл жаттығу аймақ үшін аса маңызды. Себебі, көлемі 49 шаршы шақырымды, ұзындығы 125 шақырымға дейін созылатын Шүлбі су қоймасы – өңірдегі стратегиялық маңызы зор нысан. Ол электр энергиясын өндіру, су ресурстарын реттеу және ауыл шаруашылығы қажеттіліктерін қамтамасыз ету міндеттерін атқарады. Сондықтан да мұнда кез -келген төтенше жағдайдың алдын алу және онымен күресу жолдарын үздіксіз жетілдіріп отыру қажет.
Аталған оқу-жаттығу Абай облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бастамасымен ұйымдастырылады. Басқарма басшысы Ақылжан Ақылбеков бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті: "Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, біз алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз. Бұл жаттығудың басты мақсаты – тұрғындар мен жауапты мамандардың төтенше жағдайларда жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіру. Құтқару қызметтері мен жергілікті билік құрылымдарының үйлесімді жұмысы – төтенше жағдайлардың алдын алудағы негізгі факторлардың бірі" – деді ол.
2025 жылдың көктемінде өтетін оқу-жаттығу барысында су тасқынына қарсы іс-қимыл, апатты жағдайларда құтқару жұмыстары және төтенше оқиғаларды жою шаралары пысықталмақ. Оған жергілікті атқарушы органдар және Шүлбі су қоймасының мамандары қатысады. Сондай-ақ, жаттығу барысында жергілікті тұрғындарды да төтенше жағдайларға дайындыққа баулу жоспарланып отыр.
"Біздің басты мақсатымыз – адамдардың өмірін сақтау және нысанның қалыпты жұмысын қамтамасыз ету. Жаттығу кезінде түрлі сценарийлер қарастырылып, шұғыл әрекет ету шаралары жан-жақты тексеріледі," – деп атап өтті Ақылжан Ақылбеков.
Мамандардың айтуынша, бұл оқу-жаттығудан алынған тәжірибе аймақтың төтенше жағдайларға дайындығын күшейтіп, құтқару қызметтері мен жергілікті билік органдарының өзара әрекеттесу тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Абай облысы жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының баспасөз қызметі