Жыл қортындыланып, болашақ бағдар белгіленді

Жыл қортындыланып, болашақ бағдар белгіленді

Абай облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбековтің төрағалығымен 18-19 желтоқсан күндері басқарманың қалалар мен аудандардағы жұмыстарына жауапты мамандармен жоспарға сәйкес екі күндік оқу-әдістемелік жиын өткізілді.

Аталған жиынды өткізудегі негізгі мақсат – жергілікті атқарушы органдардың жауапты мамандарының сала бойынша білімін жетілдіру, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдардың үйлесімділігі мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ 2025 жылы орын алған төтенше жағдайларды талдау арқылы практикалық тәжірибе алмасу болды.

Жиынның барысында азаматтық қорғаныс жүйесі бойынша «Төтенше жағдайлар», сонымен қатар, биыл болған дала және орман өрттері, су басу жағдайлары жан-жақты талқыланып, жергілікті атқарушы органдар мамандарының атқарған іс-әрекеттеріне талдау жасалды. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігі бойынша тренинг өткізіліп, «Орындаушылық тәртіп» тақырыбында дәріс оқылды. Бұл бағытта тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ, жұмылдыру дайындығы бойынша атқарылған жұмыстар қаралып, жоспарлау құжаттарының жай-күйі талқыланды. Қыс мезгілінде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты автокөлік жолдарының жабылуы салдарынан қар құрсауында қалған адамдарды құтқару, оларды уақытша орналастыру, ыстық тамақпен, медициналық және психологиялық көмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікірталас өткізілді. Осылайша, теориялық білім мен практикалық жаттығулар ұштастырылып, төтенше жағдайлар кезіндегі өзара іс-қимылдарды жетілдіруге баса назар аударылды.

2025 жылы лауазымдық міндеттерін адал атқарған, дала және орман өрттері, су басу және өзге де төтенше жағдайлар кезінде белсенділік танытқан, қойылған тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындаған мамандар мен ауылдық округ азаматтары басқарма атынан Алғыс хаттармен марапатталды.