Өткен жылы Алакөлде 120 мыңнан астам турист демалған
Абай облысының Алакөл аймағында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Өңір еліміздің ТОП-20 туристік бағытының қатарына енгені — бұл бағыттағы инфрақұрылымды жетілдіруге және қызмет көрсету сапасын арттыруға тың серпін беріп отыр. Бұл туралы Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында баяндады.
Аудан әкімінің айтуынша, былтыр Алакөл жағалауына 123 мыңнан астам турист келген. Олар үшін көрсетілген қызмет көлемі 3,5 миллиард теңгеден асып, өңір экономикасына айтарлықтай үлес қосқан. Көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда елеулі өсім барын көрсетеді.
– Алакөл аймағын дамыту мақсатында жағалау инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, пирс салу, жағажайды абаттандыру, жарықтандыру жүйесін орнату және жаяу жүргіншілерге арналған аймақты кеңейту – басты басымдықтардың бірі, – деді Дәурен Қойгелдин.
Сонымен қатар, жазғы маусымда жиі туындайтын негізгі мәселелердің бірі – жанар-жағармай тапшылығы. Мәселені шешу үшін жаңа жанармай бекеттері салынуда.
– Жеке кәсіпкердің бастамасымен Мақаншы–Жалаңашкөл жолының бойында «ҚазМұнайГаз» маркасымен жанармай құю бекеті салынды. Оның ашылуы мамыр айына жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Мақаншы ауылында тағы екі заманауи жанармай стансасын салу үшін екі инвесторға жер телімдері берілді. Құрылыс жұмыстары биыл басталады, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, ол Алакөлдің табиғи-экологиялық, емдік-сауықтыру әлеуеті зор екенін ерекше атап өтті. Осы мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін жеке инвестиция тарту, заманауи қонақ үйлер мен санитарлық тораптар салу бағытындағы кешенді жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.