«Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері қандай жағдайларда зейнетақыны рәсімдеу кезінде автоматты түрде тағайындалады?»

«Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері қандай жағдайларда зейнетақыны рәсімдеу кезінде автоматты түрде тағайындалады?»
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері қандай жағдайларда автоматты түрде тағайындалады?
 
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақы төлемдерін ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта және БЖЗҚ-ның зейнетақы қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асыру көзделген.
 
Осыған байланысты 2026 жылғы наурыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен, БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинақтары бар және бұрын 50 жасқа толуына немесе мүгедектік алуына байланысты төлем тағайындау үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген азаматтарға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындаудың өтінішсіз тәртібі енгізілді.
 
Өтінішсіз тәртіп нені көздейді?
 
ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін автоматты түрде тағайындау мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
•азамат зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен төлемдерді алу туралы өтініш берген кезде;
•халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде жасына байланысты зейнетақы төлемдері және (немесе) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері тағайындалған тұлғалардың бар-жоғына Мемлекеттік корпорациямен жүргізілетін жыл сайынғы салыстыру қорытындылары бойынша проактивті қызмет аясында.
 
Бұл тәртіп зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерге бірыңғай тәсіл қалыптастыру мақсатында енгізілді. Жаңа жүйе ЕЗЖ есебінен төлемдерді алу үдерісін жеңілдетіп, бұрын БЖЗҚ-ға жүгінбеген азаматтардың жинақтарының талап етілмей қалу қаупін азайтады.
 
Төлем қалай жүргізіледі?
 
Егер ЕЗЖ есебінен жинақталған қаражат мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, төлем біржолғы тәртіппен жүзеге асырылады.
 
2026 жылы бұл шек 828 588 теңгені құрайды (69 049 теңге × 12).
 
Егер жинақталған қаражат аталған мөлшерден жоғары болса, төлемдер міндетті жарналар есебінен төленетін төлемдермен бірге ай сайынғы кесте бойынша зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүргізіледі.
 
Сонымен қатар алушы БЖЗҚ-ға өтініш беріп, ЕЗЖ есебінен төлем алу шарттарын өзгерте алады.
 
Маңызды ақпарат
 
50 жасқа толған немесе мүгедектігі бар азаматтар ЕЗЖ есебінен төлем алу үшін БЖЗҚ-ға өз бетінше өтініш бере алады:
•БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы;
•БЖЗҚ мобильді қосымшасы арқылы;
•Қордың кеңселеріне барып.
 
ЕЗЖ есебінен төлемдерді алу тәртібі туралы толық ақпаратпен БЖЗҚ сайтының «Қызметтер» – «ЕЗЖ есебінен төлемдер» бөлімінде танысуға болады.
 
БЖЗҚ туралы
 
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ негізінде құрылды. Қордың құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі.
 
БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Қор міндетті, міндетті кәсіптік, жұмыс берушінің міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуды және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
 
Сонымен қатар БЖЗҚ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде нысаналы активтер мен талаптарды есепке алу, нысаналы жинақтарды есептеу және төлеу жұмыстарын жүргізеді.