Абай облысының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үйлер: нәтижелер мен жоспарлар

Абай облысының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үйлер: нәтижелер мен жоспарлар

Облыста халықты жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда.

Өткен жылы Абай облысының құрылыс басқармасы 364 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100,1%-ды құрайды. Мұның нәтижесінде жүздеген отбасы өздерінің жаңа үйіне қол жеткізді. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға арналған жалға берілетін пәтерлерге ерекше көңіл бөлінді. Олар үшін жалпы ауданы 79,5 мың шаршы метрді құрайтын 1 070 пәтер сатып алынды.

Жалға берілетін тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, өңірде жаңа тұрғын үйге деген сұраныс әлі де жоғары. Бұл мәселені шешу басты міндеттердің бірі болып қалып отыр.

Биыл өңірде несиелік тұрғын үй құрылысын белсенді түрде жалғастыру жоспарлануда. Көпқабатты үйлер мен жеке тұрғын үйлер салынатын болады. Қазірдің өзінде Семей мен Аягөзде жалпы ауданы 54,6 мың шаршы метр болатын 14 жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада тағы 6 көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Бұл көптеген отбасыларға қолайлы шарттармен баспаналы болуға мүмкіндік береді.

 

Абай облысы құрылыс басқармасының баспасөз қызметі