Суықбұлақ ауылында жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде

Суықбұлақ ауылында жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде

Абай облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова облыс әкімі Берік Уәлимен бірге өңірдегі бірқатар білім нысандарын аралап, материалдық-техникалық базасымен және білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты.

Министрге Суықбұлақ ауылында апатты деп танылған мектептің орнына салынып жатқан екі қабатты жаңа мектептің құрылысы таныстырылды.

100 оқушыға арналған білім ордасының құрылыс жұмыстарының 40 пайызға жуығы орындалған. Бірінші қабаттың құрылысы аяқталған. Мұнда оқу кабинеттерімен қатар, жеке спорттық блок қарастырылған. Ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталып, оқушыларға сапалы білім алуға толық мүмкіндік бермек. Сыртқы алаңда оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған демалыс аймағы, футбол, волейбол, баскетбол және гимнастика алаңдарын салу жоспарланған.

1964 жылы балабақша ретінде салынған ескі ғимарат тозып, апатты деп танылған болатын. Оқушылар бірнеше жылдан бері қолайсыз жағдайда білім алып келеді. Бастауыш сынып оқушылары ескі ғимаратта, 5-11 сыныптың оқушылары көрші ауылға автобуспен қатынап жүр. Ауыл тұрғындары жаңа мектеп салу мәселесін 2011 жылдан бері көтеріп келген.

Биыл 19 наурызда аймақ басшысы Берік Уәли Жарма ауданына барғанда мектепке арнайы келіп, жаңа білім ордасы бой көтеретінін айтқан болатын. Араға үш ай салып, 18 маусым күні мектептің іргетасы қаланды.

Құрылыстың толық аяқталуы 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.