
Абай облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруға 5,5 млрд теңге бөлінген. Қаражат өңірдегі ауылдық елді мекендерде медициналық инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталуда.
Қаржыландырудың бір бөлігі Аягөз ауданына бөлінді. Мұнда жансақтау бөлімінің ғимараты салынды. Бөлімде бес білікті дәрігер мен орта буындағы медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Сондай-ақ, МРТ аппараты орнатылатын қосымша корпус салуға дайындық жүргізілуде. Бұған дейін аудан тұрғындары томографиялық тексеруден өту үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болса, енді желтоқсан айынан бастап бұл қызмет түрі өз қаласында қолжетімді болмақ.
Бұдан бөлек, Аягөз ауданының жеті ауылында жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялар салынды. Бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын айтарлықтай арттырды.
Жобаның іске асырылуы аудан халқын шұғыл және диагностикалық көмек көрсетуге арналған заманауи жағдайлармен қамтамасыз етіп, өңірдің медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.