Мұраға қалдырылған жинақтарды БЖЗҚ-дан қалай алуға болады?

Мұраға қалдырылған жинақтарды БЖЗҚ-дан қалай алуға болады?

            Зейнетақы және нысаналы жинақтар (ҚР кәмелетке толмаған азаматтарына "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы шеңберінде есептелетін) – БЖЗҚ-да шоты ашылған жеке тұлғаның меншігі. Тиісінше, бұл жинақтар мұраға беріледі.  

Бұл ретте мұраға беру құқықтары күшіне енгенге дейін міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылуы мүмкін. Оның мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш шегінде, бірақ қайтыс болған адамның шотындағы қаражаттан аспауы керек. Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем іске асырылғаннан кейін қайтыс болған адамның шотындағы жинақтардың қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраса, бұл қалдық қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған төлеммен бірге беріледі.

Жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған жинақ сомасы заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға беріледі.

Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – ҚР) заңнамасында нысаналы жинақтар есебінен жерлеуге арналған төлем көзделмегенін ескерткіміз келеді.

ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұраға қалдырылған зейнетақы және (немесе) нысаналы жинақтарды алу үшін мұра ашылған жер бойынша нотариусқа немесе заңмен уәкілеттік берілген лауазымды адамға мұраны қабылдау туралы өтініш беруге тиіс. Мұны мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасау керек екенін ескерген жөн.

            Сонымен қатар, жинақтарды мұраға қалдыру рәсімін оңайлату, сондай-ақ ҚР Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палата және БЖЗҚ арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыру үшін "Е-нотариат" бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі" (БНАЖ) мемлекеттік ақпараттық жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимылы туралы шарт жасалды. Шартқа сай, 2019 жылғы ақпаннан бастап нотариустар БНАЖ-да тіркелген мұрагерлік іс бойынша жазбаша сұраныс жібермей-ақ, қайтыс болған адамның шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді алу үшін БЖЗҚ-ға онлайн сұрау сала алады. Бұл мұраға құқық туралы куәлік ресімдеуді оңтайландырды. Мұрагер мұрагерлік құқығы туралы куәлікті алғаннан кейін БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне қажетті құжаттар пакетін ұсынуға құқылы. Жеке өтініштен басқа, мұрагерлік төлемдерді алуға арналған құжаттарды сенім білдірілген тұлға арқылы немесе пошта арқылы беруге болады.          

           Егер БЖЗҚ-ға ұсынылған құжаттар, оның ішінде БЖЗҚ-да жинағы бар және ҚР тыс жерде қайтыс болған адамның қайтыс болғандығы туралы куәлікті, мұрагерлік құқығы туралы куәлікті шетелдік ұйымдар мен мекемелер берген, сондай-ақ құжаттың көшірмесінің түпнұсқасымен сәйкесетінін, өтініштегі төлем алушының қойған қолының шынайы екендігін куәландыру бойынша нотариаттық іс-әрекеттер, сенімхат куәліктері шет мемлекетте жасалса, онда бұл құжаттар мемлекеттік не орыс тіліне аударылып, заңдастырылуы тиіс. Бұған Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленген жағдайлар жатпайды.

            Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемді алушы немесе БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтыс болған адамның мұрагері шетелдік, оның ішінде мұрагердің сенім білдірілген адамы/алушының заңды өкілі болатын болса, онда Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, БЖЗҚ-ға алушының/сенім білдірілген адамның/заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжат ретінде мемлекеттік не орыс тіліне аударылған, қажет болған жағдайда нотариат куәландырған және заңдастырған шетелдік паспорт ұсынылады.

            Қажетті құжаттар топтамасын ұсынғаннан кейін БЖЗҚ заңнамада белгіленген мерзімде зейнетақы жинағы төлемдерін жүзеге асырады.

            Қайтыс болуына байланысты (жерлеуге немесе мұрагерлерге) төлем тағайындау туралы өтініштерді ресімдеуге қажетті құжаттар тізбесімен Қордың веб-сайтында танысуға болады. Сондай-ақ, мұрагерлердің жинақ алу үшін құжаттарды тапсыру рәсімі БЖЗҚ youtube арнасында да жарияланған.