1.Зейнетақы жинақтарынан кесте бойынша берілетін төлемдерге кімдердің құқығы бар?
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес, БЖЗҚ-дан бекітілген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемі БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар:
1) зейнет жасына толған (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас);
2) егер мерзімсіз болып белгіленсе, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар;
3) еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде жұмыс істеп, оның пайдасына жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленгенін растайтын құжаты бар және осы зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатқан немесе денсаулыққа кері әсері жоқ басқа жұмысқа ауысқан, 55 жасқа толған азаматтарға (бұдан әрі - жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай бойы міндетті кәсіби зейнетақы жарналары төленген 55 жасқа толғандар) беріледі.
2.Кесте бойынша берілетін төлемдер қалай есептеледі?
Кесте бойынша берілетін төлемдер былай есептеледі: зейнетақы төлемін ала бастайтын алғашқы жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - ЕТК) кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2025 жылы ЕТК деңгейі - 46 228 теңге). Тек 55 жасқа толған және жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай бойы міндетті кәсіби зейнетақы жарналары төленген азаматтарға берілетін төлемнің есебі басқаша.
Мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеп, зейнет жасына толған, олардың пайдасына жиынтығында кем дегенде 60 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген адамдар сияқты белгілі бір санаттағы алушылар үшін Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Жоғарыда көрсетілген шарттардың біреуінен артығын қанағаттандыратын адамдар үшін ең үлкен мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.
Егер БЖЗҚ-дан төлем жасалған күндегі зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса (2025 жылы 753 252 теңге = 62 771х12), төлем бір рет бірақ беріледі.
Түзету коэффициенттері 55 жасқа толған және олардың пайдасына жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай МКЗЖ төленген адамдарға қолданылмайды.
3.БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін алу үшін қайда және қашан хабарласуға болады?
БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуға байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы хабарласуы қажет. Мұны зейнет жасына 10 күн қалғанда жасауға болады. Зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Бұл ретте өтініш берілген күн болып өтініштің және қажетті құжаттардың ХҚКО-да тіркелген күні есептеледі. Егер алушы зейнет жасына толғанға дейін ертерек жүгінген болса - зейнет жасына толған күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Әсіресе, бюджеттен төлемдер алу үшін уақытылы жүгінген аса маңызды, себебі оны тағайындау үшін алушы ұсынған құжаттар негізінде еңбек өтілін тексеру қажет.
4.БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар мүгедектік белгіленген жандарға қайда
забарласу қажет?
Мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы жинақтары төлемін алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, enpf.kz сайтындағы не БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы жүгіну қажет.
БЖЗҚ-да мүгедектігі бар адамдар үшін үйінде/жұмыс орнында қызмет көрсету ұйымдастырылған. Бұл ретте алдын-ала кеңес беру, оның ішінде қызметтерді қашықтан, ешқайда бармай-ақ алу мүмкіндігі тексеріледі.
5.55 жасқа толған, олардың пайдасына жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай МКЗЖ төленген тұлғаларға қайда хабарласу қажет?
55 жасқа толған, олардың пайдасына жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай МКЗЖ төленген тұлғаларға міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау шеңберінде проактивті қызмет көрсету арқылы не жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ банк шоты туралы мәліметтерді ұсына отырып, Мемлекеттік корпорацияға өтінішпен жүгінген кезде тағайындалады.
Егер аталған адамның міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары болса, онда бұл тұлғаға оларды алуға келісімі болған кезде міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан қосымша зейнетақы төлемдері тағайындалуы мүмкін.
6.БЖЗҚ зейнетақы төлемдеріне жүгінбеген зейнеткерлерге қатысты қандай
іс-шараларды жүзеге асырады?
Телефон нөмірлері еgov мобильді азаматтар базасында тіркелген болашақ зейнеткерлерге (әлеуетті алушыларға) зейнет жасына толғанға дейін 2 ай қалғанда 1414 нөмірінен зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі қызметтерді алу үшін Мемлекеттік корпорацияның жақын жердегі бөлімшесіне уақытылы жүгіну мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Онда egov.kz сайтындағы қажетті құжаттар тізіміне сілтеме беріледі. Яғни, мемлекеттік органдар зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде ресімдеу үшін тиісті хабарламалар жібереді. Себебі, өткізіп алған кезең үшін төлемдер тағайындалмайды.
Сонымен қатар, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша проактивті қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, Қорда зейнетақы жинақтары бар, бірақ төлем алуға өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, осындай азаматтарда жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығын жыл сайын салыстырып, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайынғы салыстыру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған кезде БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен жасалған тиісті келісім шеңберінде оларға зейнетақы төлемдерін өтінішсіз-ақ аударады.