
Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті
4 маусым күні Курчатов қаласындағы Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан Ақ балкон алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Ұлттық рух нысанасы» атты салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, сондай-ақ Курчатов қаласындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты.
Жиналған қауымды мерекемен Курчатов қаласы әкімінің орынбасары Берік Жолдахмет құттықтап, мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлік пен ел бірлігінің, отансүйгіштік рухтың маңызды негізі екенін атап өтті.
Салтанатты бөлім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды.
Мерекелік шараны қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған жарқын концерттік бағдарламалар толықтырды. Патриоттық әндер көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Аталған іс-шара қала тұрғындары арасында патриоттық рухты нығайтуға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі болды.