Назар аударыңыз, маңызды ақпарат!

Назар аударыңыз, маңызды ақпарат!

   Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарға қатысты «полигон куәліктерін міндетті түрде ауыстыру» және «зардап шеккендердің жаңа деректер базасы қалыптастырылып жатыр» деген ақпараттардың таралуына байланысты төмендегіні хабарлаймыз.

   Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңына өзгерістер енгізілген жоқ.

   Бұрын берілген үлгідегі полигон куәліктері жарамды болып табылады. Куәліктерді міндетті түрде ауыстыру, сондай-ақ азаматтарды қайта міндетті тіркеу заңнамада көзделмеген.

 Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және eGov Mobile мобильдік қосымшасында зардап шеккен тұлға мәртебесін көрсету мақсатында азаматтар өз қалауы бойынша қажетті құжаттарды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне енгізу үшін ұсына алады.

  Аталған жұмыстар тек мәліметтерді цифрлық форматта көрсету және мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алуды жеңілдету мақсатында жүргізілуде. Қолданыстағы мемлекеттік есептің орнына қандай да бір «жаңа деректер базасы» қалыптастырылып жатқан жоқ.

   Азаматтардан тек мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуді және халық арасында, әсіресе аға буын өкілдері арасында негізсіз алаңдаушылық тудыратын жалған мәліметтерді таратпауды сұраймыз.

  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауаптылық қарастырылғанын еске саламыз.

   Сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар ресми түсіндірме алу үшін тұрғылықты жері бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдарға жүгіне алады.