Қазақстанда әрекетке қабілетсіз азаматтардың мүлкіне билік етуге рұқсатты қалай алуға болады

Қазақстанда әрекетке қабілетсіз азаматтардың мүлкіне билік етуге рұқсатты қалай алуға болады

       Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамның мүлкіне билік ету, шотына түскен зейнетақыларды, жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді алу бойынша және соттың шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың мүлкін иеліктен шығаруға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекітті.

Жаңа қағидаларға сәйкес, 2024 жылғы 6 желтоқсаннан бастап мемлекеттік қызметті әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар көрсетеді.

Қызмет тегін көрсетіледі және оны Мемлекеттік корпорация арқылы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық не қағаз түрінде рәсімдеуге болады.

Рұқсат алу үшін өтініш беруші жеке басын куәландыратын құжатты, мүлікке құқықты растайтын құжаттарды, сондай-ақ қамқорлықтағы немесе қорғаншылықтағы адамның табыстары туралы ақпаратты қоса бере отырып, өтініш тапсыруы тиіс. Егер өтінішті үшінші тұлғалар берсе, сенімхат ұсынылуы қажет. Барлық құжаттарды «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық форматта тапсыруға болады.

Өтініш тапсырылғаннан кейін қызмет бес жұмыс күні ішінде қаралады. Құжаттар тексерілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде мүлікке билік етуге немесе әлеуметтік төлемдерді алуға рұқсат беру туралы бұйрық шығарылады.