
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда. Солардың бірі – дайын құжаттарды беруге арналған постомат. Бұл құрылғы құжаттарды кез келген ыңғайлы уақытта алуға мүмкіндік береді.
Аталған сервистің танымалдығы жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы Семей қаласының тұрғындары постомат арқылы 85 құжат алған болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11 еседен астам өсіп, 946 құжатты құрады. Бұл өз кезегінде аталған цифрлық шешімнің тиімділігі мен сұранысқа ие екенін айқын көрсетеді.
Қазіргі таңда Абай облысында бір постомат жұмыс істейді. Ол Семей қаласында, 408 орам, 21-үй мекенжайында орналасқан. Құрылғы тәулік бойы (24/7) жұмыс істеп, қала тұрғындарына ХҚКО жұмыс кестесіне тәуелді болмай, құжаттарын алып кетуге мүмкіндік береді.
Құжаттарды постомат арқылы алу үшін өтінішті фронт-офисте тапсыру кезінде маманға құжатты осы тәсілмен алғыңыз келетінін хабарлау қажет. Құжаттар постоматқа орналастырылғаннан кейін өтініш берушіге өтінім нөмірі, алты таңбалы қолжетімділік коды, сақтау мерзімі және құрылғының мекенжайы көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі.
Құжатты алу үшін постомат экранында жіберілген кодты енгізіп, биометриялық сәйкестендіруден өту жеткілікті. Тұлға расталған соң дайын құжат сақталған жеке ұяшық автоматты түрде ашылады.
Постомат арқылы 19 сұранысқа ие мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Олардың қатарында азаматтық хал актілерінің қайталама куәліктері мен архивтік анықтамаларын беру, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың телнұсқалары, барлық деңгейдегі білім туралы құжаттар, ресми құжаттарға апостиль қою нәтижелері, сондай-ақ міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілдігін тіркеу нәтижелері бар.
Постоматты пайдаланушылар санының артуы бұл сервистің Семей тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтерді алудың ыңғайлы әрі тиімді құралына айналып келе жатқанын дәлелдейді.