
Қазақстандықтардың зейнетақы жүйесі саласындағы қаржылық сауаттылығы артып келеді: азаматтар зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және ол арқылы қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатынын барған сайын жақсы түсінуде. Мұны 2025 жылы жүргізілген тәуелсіз социологиялық зерттеу нәтижелері растады.
Сауалнаманың негізгі мақсаты – Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейін, зейнетақы жүйесіне деген сенім дәрежесін және азаматтардың жинақтаушы модельге тартылу деңгейін айқындау.
Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейі респонденттердің жынысын, жас ерекшеліктерін, аумақтық және әлеуметтік мәртебелерін ескере отырып бағаланды.
Зерттеу жалпыұлттық репрезентативті сауалнама әдісімен жүргізілді. Іріктемеге Қазақстанның барлық өңірлерінен, оның ішінде 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан (Астана, Алматы, Шымкент) 3 000 респондент қатысты. Сауалнама ауылдық және қалалық жерлерде тұратын 18 жастан асқан ересек тұрғындар арасында жүргізілді. Барлығы 1 473 ер адам және 1 527 әйел азаматша сұралды. Әлеуметтік мәртебе бойынша бөлініс мынадай: жалдамалы қызметкерлер – 2 031 адам (67,70%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 831 адам (27,70%), жұмыссыздар – 138 адам (4,60%).
Зерттеу сауалнамасының негізгі бөлімі Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығын анықтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне және «БЖЗҚ» АҚ-ға (БЖЗҚ, Қор) деген сенім деңгейін, Қор қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі, хабардарлық дәрежесі мен қабылдануын бағалауға бағытталған 26 сұрақтан тұрды.
Зерттеу нәтижелері азаматтарды қаржылық сауаттылықтың базалық және озық деңгейлері бойынша жіктеуге мүмкіндік берді.
Базалық деңгей
Қаржылық сауаттылықтың базалық деңгейіне арналған сұрақтар зейнетақымен қамсыздандыру бойынша жауапкершілік, Қазақстандық зейнетақы жүйесінің құрылымы, зейнетақы төлемдерінің түрлері, мөлшері мен көздері, Қордың функциялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы ресми зейнеткерлік жас туралы білімді анықтауға бағытталды. Аталмыш деңгей бойынша респонденттердің нәтижесі 74,2%-ды (өткен жылы – 73,8%) құрады.
Сауалнаманың еліміздегі зейнетақы төлемдерінің түрлеріне қатысты сұрақтарына 1 748 респондент (58,3%) Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің екі көзі бар екенін білетіндерін көрсетті: мемлекеттік бюджеттен төленетін (базалық және ынтымақты зейнетақы) және міндетті әрі ерікті жарналар есебінен қалыптасқан жинақтардан БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер. Бұл көрсеткіш зейнетақы жүйесінің негізгі элементтері туралы жеткілікті деңгейдегі хабардарлықты және оның аралас моделін түсінуді білдіреді.
«БЖЗҚ немен айналысады?» деген сұраққа 1 491 респондент (49,7%) дұрыс жауап беріп, Қор міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын жинаумен, зейнетақы жинақтарын есепке алумен және жинақтар есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асырумен айналысатынын көрсетті.
«БЖЗҚ-ға аударылатын зейнетақы жарналарының қандай түрлерін білесіз?» деген сұраққа берілген жауаптар халықтың зейнетақы жарналарының негізгі түрлерін жақсы білетінін көрсетті. Ең танымал түрі – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), оны респонденттердің 90,1%-ы біледі. 2 413 респондент (80,4%) МЗЖ мөлшері табыстың 10%-ын құрайтынын дұрыс атап өтті.
Міндетті зейнетақы жарналарының қосымша түрлері (ЖМЗЖ) туралы хабардар респонденттер үлесі – 25,6%, ал зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс беруші төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) туралы – 21,2%. Сонымен қатар, респонденттердің айтарлықтай бөлігі (43,2%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) мүмкіндігін білетінін көрсетті, бұл ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлауға және зейнетақы капиталын өз бетінше қалыптастыруға деген қызығушылықтың артқанын білдіреді.
«Қазақстандағы зейнеткерлік жас қандай?» деген сұраққа 2 523 респондент (84,1%) елімізде зейнеткерлікке шығудың сараланған жасы белгіленгенін дұрыс көрсетті: ер адамдар үшін – 63 жас, ал әйелдер үшін 2025 жылы – 61 жас. Бұл қолданыстағы зейнетақы саясатын және әйелдердің зейнеткерлік жасына қатысты соңғы жылдардағы өзгерістерді жақсы түсінетінін аңғартады.
Жұмыспен қамтылу мәртебесі зейнеткерлік жас туралы білімнің дәлдігіне елеулі әсер ететіні байқалды. Жалдамалы қызметкерлер – ең хабардар топ (84,9%), себебі олар жұмыс берушілермен, бухгалтериямен жүйелі түрде байланыста болады және ресми ақпаратты жиі алады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жалдамалы қызметкерлерге қарағанда азырақ, бірақ жұмыссыздарға қарағанда жақсырақ хабардар (82,8%). Ал жұмыссыздар арасында қате жауаптар үлесі жоғары – дұрыс жауап 79,7%.
«Жеке зейнетақы шотыңыздағы қаражаттың жай-күйін қалай білуге болады?» деген сұраққа 2 959 респондент (98,6%) дұрыс жауап берді. Олар бұл ақпаратты БЖЗҚ-ға жеке жүгіну арқылы, пошта немесе электрондық пошта арқылы алынатын үзінді көшірме, БЖЗҚ сайты мен мобильді қосымшасындағы жеке кабинет, www.egov.kz электрондық үкімет порталы және ХҚКО арқылы білуге болатынын көрсетті.
Озық деңгей
Қаржылық сауаттылықтың озық деңгейін анықтау үшін респонденттерге зейнетақы активтерін инвестициялау қағидаттарын, зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібін, зейнетақы аннуитеті тетігін, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі салық салу ерекшеліктерін және зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті түсінуді талап ететін сұрақтар ұсынылды. Сауалнама нәтижесі бойынша ілгері деңгейдің жалпы коэффициенті – 45,3% (өткен жылы – 45,2%).
«Инвестициялық кіріс алу үшін зейнетақы активтерін кім инвестициялайды?» деген сұраққа 1 745 респондент (58,2%) дұрыс жауап беріп, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкін (ҚРҰБ) және/немесе салымшының таңдауы бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларды (ИПБ) көрсетті. Респонденттердің шамамен үштен бірі (34,1%) сенімгерлікпен басқарушылар ретінде ҚРҰБ мен ИПБ-ны қатар атады. Бұл көрсеткіш жақсы деңгейдегі хабардарлықты көрсеткенімен, зейнетақы қаражатын басқару қағидаттарын толық түсіну үшін жеткіліксіз екенін аңғартады. 14,3% тек ҚРҰБ-ты, ал 9,8% тек ИПБ-ны атады.
Сонымен қатар, респонденттердің 35,6%-ы зейнетақы жинақтарын «БЖЗҚ-ның өзі басқарады» деген қате пікірде. Бұл жүйелі сипатқа ие болған түсінбеушілік екені де айқын, өйткені жоғары білімді адамдар арасында да қате жауаптардың үлесі (40%-ға дейін) басым.
«Зейнетақы жинақтарына инвестициялық кіріс қалай есептеледі?» деген сұраққа 750 респондент (25,0%) инвестициялық кіріс мөлшері нарықтық жағдайға және активтердің құнына байланысты өзгеретінін дұрыс көрсетті.
Зейнетақы жинақтарының әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, инвестициялық кіріс әкелетіні туралы білім деңгейі бойынша 1 682 респондент (56,1%) бұл процесті түсінетінін көрсетті: олар жинақтар тек шоттарда сақталмай, инвестицияланатынын біледі. Оның ішінде 45,6% инвестициялау фактісінен хабардар болса, 10,5% - инвестиция нәтижелерін тұрақты түрде қадағалап отырады.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану шарттарына қатысты сауалнамада респонденттерге кең таралған бірнеше тұжырым ұсынылып, олардың ішінен бір қате тұжырымды таңдау сұралды. 1 845 респондент (61,5%) «Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан кез келген жаста алуға болады» деген пікірді қате деп көрсетті. Бұл шынында да дұрыс емес, себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес зейнетақы жинақтарын тек белгілі бір жағдайлар туындағанда ғана алуға болады.
«Зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға кімнің құқығы бар?» деген сұраққа 869 респондент (29,0%) дұрыс жауап беріп, мұндай құқық 45 жасқа толған және жеткілікті зейнетақы жинағы бар салымшыларға берілетінін атап өтті.
«БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдеріне салық салына ма?» деген сұраққа 1 141 респондент (38,0%) дұрыс жауап беріп, қазіргі уақытта БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдеріне жеке табыс салығы (ЖТС) салынатынын, алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл төлемдерге ЖТС салынбайтынын көрсетті. Жалпы алғанда, респонденттердің 56%-ы зейнетақы төлемдеріне белгілі бір салық салынатынына сенімді, алайда нақты салық түріне қатысты пікірлер әркелкі. Бұл зейнетақы төлемдеріне қатысты салық саясатын түсінудің жеткіліксіздігін көрсетеді.
«Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет қандай кепілдіктер береді?» деген сұраққа 1 485 респондент (49,5%) дұрыс жауап беріп, мемлекеттік кепілдік тек міндетті зейнетақы жарналарына қолданылатынын көрсетті. Бұл сұрақ азаматтардың міндетті және ерікті жарналардың айырмашылығын және зейнетақы жинақтарын мемлекеттік қорғау тетіктерін қаншалықты түсінетінін айқындауға мүмкіндік берді.
Осылайша, Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығының базалық және озық деңгейлері 2025 жылы алдыңғы екі жылмен салыстырғанда тұрақты өсім көрсетті. Қазақстан азаматтарының басым бөлігі өздерінің БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын қарттық кезеңдегі негізгі табыс көзі ретінде қарастырады. Халықтың зейнетақы жүйесімен қамтылуы айтарлықтай артты: БЖЗҚ-ға кемінде бір рет жарна аударған азаматтардың үлесі 2021 жылғы 42,7%-дан 2025 жылы 78,7%-ға дейін өсті. Бұл көлеңкелі жұмыспен қамтудың азайып, зейнетақы бағдарламаларымен қамтудың кеңейгенін көрсетеді.
Сенім деңгейі
«БЖЗҚ» АҚ-ға деген сенім дәрежесін бағалау да қаржылық сауаттылық деңгейі сияқты жынысы, жасы, тұрғылықты жері және әлеуметтік мәртебесі бойынша жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері бойынша халықтың Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне деген сенімінің орташа көрсеткіші – 5,92 балл, ал БЖЗҚ-ға деген сенімнің орташа деңгейі 6,04 балл болды.
Зейнетақы жүйесі мен БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейі қалыпты-оң деңгейде сақталуда. Азаматтардың басым бөлігі бейтарап-позитивті немесе сақтықпен сенетін ұстанымды ұстанады: олар зейнетақы институттарына ашық сенім білдірмегенімен, айқын сенімсіздік те танытпайды.
Ақпараттың қолжетімділігі мен қабылдануы
БЖЗҚ қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігін бағалау көрсеткендей, азаматтардың көпшілігі қажетті мәліметтерді ашық әрі оңай табуға болады деп есептейді. Респонденттердің 57,3%-ы негізгі ақпарат еркін қолжетімділікке ие және оны іздеу қиындық тудырмайды деп санайды. Бұл Қордың ресми коммуникация арналары – сайт, мобильді қосымша, байланыс орталығы мен әлеуметтік желілердің ашықтықты қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді.
БЖЗҚ материалдарының түсініктілігі де қолжетімділік бағасымен шамалас: сауалнамаға қатысқандардың 57,3%-ы Қор ақпараты түсінікті әрі қолжетімді тілде берілген деп есептейді.
БЖЗҚ-ны қабылдауды қалыптастыруда ақпарат алынатын медиакеңістіктің маңызы зор. Деректер елдегі медиапрофильдің цифрлық платформаларға қарай жылдам ауысқанын көрсетеді. Респонденттердің 49,1%-ы жаңалықтарды әлеуметтік желілер арқылы алады, бұл оларды негізгі коммуникация арнасына айналдырады. Ең танымал платформалар – Instagram (32,3%), Facebook (13,6%), WhatsApp (11,9%) және Telegram (10,9%). TikTok (9,3%) пен YouTube (6%) визуалды қабылдауды толықтырады.
Теледидар әлі де 29,4% халық үшін маңызды ақпарат көзі болғанымен, ықпалы жағынан әлеуметтік желілерге жол беріп отыр. Ал сайттар (13,7%), радио (5,6%) және газеттер (2,2%) шеткері орынға ығысты. Бұл зейнетақы тақырыбындағы дәстүрлі коммуникация форматтарының тиімділігі төмендеп, мобильді, визуалды және интерактивті арналардың маңызы артқанын білдіреді.
Алынған деректер зейнетақы сауаттылығын одан әрі арттыру, ақпараттық материалдардың қолжетімділігін жетілдіру және халық үшін цифрлық мүмкіндіктерді дамыту қажеттігін көрсетеді.
БЖЗҚ халықты зейнетақы жинақтары туралы өзекті, түсінікті және сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын және цифрлық шешімдерді кеңейтуді одан әрі жалғастырады.
Социологиялық зерттеу нәтижелері бойынша толық есеп БЖЗҚ-ның ресми сайтында орналастырылған