Курчатов толықтай жылыту маусымына дайын

Курчатов толықтай жылыту маусымына дайын

      Курчатов қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық толық аяқталды. Жылу жүйесі тексерістен өтіп, тұрақты жұмыс істеуге әзір. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Болат Абдралиев атап өтті.

Жылу беру қызметі биыл тұрғындарға еш іркіліссіз әрі сапалы түрде көрсетіледі. Коммуналдық қызметтер барлық қажетті жөндеу жұмыстарын алдын ала жүргізіп, отын қоры толық жасақталған. Әсіресе құбыр желілерінің әлсіз тұстарына және қазандықтарға ерекше назар аударылды.

– Қазір Курчатов 100 пайыз жылыту маусымына дайын. Өткен жылы да ауқымды жұмыстар атқарылып, елеулі ескертулер болған жоқ. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда жағдай әлдеқайда жақсарды. Дегенмен, жұмыс тек жылу желілері мен қазандықтарды жөндеумен шектелмейді. Егер пәтер ішіндегі радиаторлар тозып немесе құбырлар бітелсе, үй толық жылымайды. Осыған байланысты тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім, – деді Болат Абдралиев.

Өткен жылы тұрғындар да мәселенің мәнін түсініп, үйлеріндегі құбырларды жөндеген. Қала әкімдігі өз кезегінде тиісті шараларды атқарып, нәтижесінде биыл жылуға қатысты елеулі шағымдар түспеген.

– Биыл әлсіз учаскелердегі құбырлар ауыстырылып, қысыммен сыналды. Отын қоры да нормативке сәйкес толық жеткізілді. Сонымен қатар үш қазандықтағы сегіз қазан агрегатын ауыстыру жоспарланып отыр. Олар резервтік мақсатта қолданылады және тек аномальды төмен температура кезінде қосылады. Бұл жұмыстар жылыту маусымына кедергісіз жүзеге асырылады. Жалпы, тұрғын үйлер мен қазандықтар жылу беруді бастауға толық дайын, – деп түсіндірді қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, Курчатовта жылыту маусымы уақытылы басталады. Үйлерді жылы ұстау билік пен тұрғындардың бірлескен әрекетінің нәтижесінде қамтамасыз етілмек. Желілерді, қазандықтарды және үйішілік жүйелерді дер кезінде жөндеу қала тұрғындарына қыс бойы қолайлы әрі тұрақты температураны сақтауға мүмкіндік береді.