2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 23,34 трлн теңгеге жетті. 12 айда 4,10 трлн теңгеге немесе 21,3%-ға артты.
2025 жылдың 1 маусымында міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі 22,25 трлн теңге. 12 айдағы өсімі – 19,9%. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары – 666,33 млрд теңге, 12 айдағы өсім – 10,7%. Өткен бір жыл ішінде ең үлкен өсімді (37,5%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, олардың 2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша көлемі 8,45 млрд теңге.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) 2025 жылдың 1 маусымына 418,45 млрд теңге болды.
Түсімдер
Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. Бір жыл ішінде салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 1 301,01 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 20,4%-ға (немесе 220,26 млрд теңгеге) артық.
Жыл басынан бері МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2025 жылдың 1 маусымына 1 070,38 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 12,1%-ға ұлғайды), МКЗЖ – 57,24 млрд теңге (өсім – 21,1%), ЕЗЖ – 1,21 млрд теңге түсті. 2025 жылдың 5 айында ЖМЗЖ 172,18 млрд теңгені құрады.
Төлемдер мен аударымдар
2025 жылдың 5 айында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 646,05 млрд теңгені құрады. Бұл былтыр жасалған төлемдер көлемінен 75,9% немесе 278,68 млрд теңгеге көп.
Төлемдердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің (БЗТ) еншісінде – 374,68 млрд теңге. Бұл ретте баламалы мақсаттарға төленетін төлемдер көлемі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 41,25%-ға ұлғайды.
Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер жыл бойына 22,21% ұлғайып, 01.06.2025ж. 98,08 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты берілетін орташа айлық төлем – 35 668 теңге.
Жыл басынан бері 01.06.2025ж. дейін мұрагерлік бойынша 28,96 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 15,24 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға – 1,32 млрд теңге, жерлеуге – 4,48 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 123,29 млрд теңге аударылды.
ЖЗШ саны
2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны – 17,59 млн. бірлік (12 айдағы өсім – 1,45 млн бірлік немесе 9%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2025 жылдың 1 маусымына 12,56 млн бірлік болды. Оның ішінде: 11,17 млн - МЗЖ бойынша, 736,94 мыңы - МКЗЖ бойынша, 450,31 мыңы – ЕЗЖ есептелетін шоттар.
Ал БЖЗҚ-дағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіп түскен ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны - 5,04 млн бірлік.
Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде орналастырылған.