
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – мемлекет пен қоғам алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі. Бұл келеңсіз құбылыс қоғамдық дамуға, экономиканың өркендеуіне және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне кері әсерін тигізеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы мәдениетті қалыптастыру және қоғамда заң үстемдігі қағидаттарын орнықтыру – баршаға ортақ жауапкершілік.
Осы бағыттағы жұмыстар Көкпекті ауданында жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы аудан әкімдігі қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Аталған жұмыс Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ Көкпекті ауданы әкімінің аппараты басшысының 2025 жылғы 28 мамырдағы №166 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылды.
Ал 2026 жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүргізу ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған.
Ішкі талдау барысында төмендегі бағыттар қамтылды:
* аудан әкімдігі қызметін реттейтін нормативтік құқықтық және құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
* ұйымдастыру-құқықтық, құжаттамалық қамтамасыз ету және кадр жұмысы бөлімінің қызметін талдау;
* персоналды басқару, мүдделер қақтығысын реттеу, мемлекеттік қызмет көрсету, рұқсат беру және бақылау функцияларын іске асыру;
* ұйымдастыру-басқару қызметінен туындайтын өзге де мәселелер.
Нормативтік құқықтық актілерді талдау
Көкпекті ауданы әкімдігінің ішкі нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
2026 жылы аудан әкімдігінің 157 қаулысы, аудан әкімінің 141 өкімі, 5 шешімі және аппарат басшысының 193 бұйрығы қабылданды.
Жүргізілген талдау нәтижесінде аталған құжаттарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ. Биыл бұл жұмыс екінші жартыжылдықта жалғасатын болады.
Кадрлық және ұйымдастыру қызметіндегі жұмыстар
Көкпекті ауданы әкімдігі аппаратының штаттық саны – 98 бірлік, нақты қызмет атқарып жүргендер саны – 84 адам. Оның ішінде 6 қызметкер бала күтіміне байланысты демалыста, 2 қызметкер уақытша еңбекке жарамсыз.
2026 жылы 30 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Оның ішінде 27 қызметкер Семей қаласында, 1 қызметкер Астана қаласында және 2 қызметкер Алматы қаласында білімін жетілдірді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында барлық мемлекеттік қызметшілер заңнамада көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулермен таныстырылған. Сонымен қатар, жыл сайын мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары заңнама талаптарына сәйкес кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсырады.
Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі аппаратында «Сенім телефоны» жұмыс істейді. Бұл туралы ақпарат әкімдік ғимаратындағы ақпараттық стендте орналастырылған.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі де ақпараттық стендке ілініп, барлық мемлекеттік қызметшілер оның талаптарымен қол қою арқылы таныстырылған. Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеттері аппарат басшысына жүктелген.
Жүргізілген талдау нәтижесінде осы бағыт бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Мүдделер қақтығысын болдырмау
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарға сәйкес, мүдделер қақтығысы – мемлекеттік қызметшінің жеке мүддесі мен оның қызметтік міндеттерінің арасында қайшылық туындауы.
2025 жылы осы бағытта бір дерек тіркеліп, жауапты қызметкерге қатысты тиісті шаралар қабылданды және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал 2026 жылдың басынан бері мұндай заң бұзушылықтар анықталған жоқ.
Мемлекеттік қызмет көрсету
Көкпекті ауданы әкімдігінде барлығы 26 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Аудан әкімінің азаматтарды қабылдау кестесі тиісті өкіммен бекітіліп, ресми интернет-ресурста жарияланған.
Алдын алу және түсіндіру жұмыстары
Көкпекті ауданы әкімінің аппараты уәкілетті мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізуде.
Атап айтқанда:
* барлық ауылдық округ әкімдіктерінде, дербес бөлімдерде және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын түсіндіру бойынша кездесулер ұйымдастырылды;
* қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында дөңгелек үстелдер, семинарлар, кездесулер өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар тұрақты жарияланып келеді;
* аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссия отырыстарында тоқсан сайын осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелері қаралып, өзекті мәселелер талқыланады.
Ақпараттық-насихат жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Аудандық «Жұлдыз» және «Новая жизнь» газеттерінде арнайы айдар ашылып, жыл басынан бері бес мақала жарияланды. Сонымен қатар Көкпекті, Үлкенбөкен және Преображенка ауылдарында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбындағы баннерлер орналастырылды.
Бұдан бөлек, ай сайын мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік өкілеттіктерін орындауға байланысты сыйлықтарды қабылдауға тыйым салу, сондай-ақ жақын туыстардың бір мемлекеттік ұйымда тікелей бағыныстылықта бірлесіп қызмет атқаруына жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң талаптарын сақтау, ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстану, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру арқылы ғана жемқорлыққа қарсы тиімді тосқауыл қалыптастыра аламыз. Әрбір азаматтың адалдығы мен белсенді азаматтық ұстанымы – әділетті қоғам құрудың берік негізі.
Көкпекті ауданының әкімі
Нұрбек Тұрсанқанұлы Қошқарбаев