
Абай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері өңір тұрғындарына зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар түрінде 56,6 млрд теңгеден астам қаражат төленген. Әлеуметтік қолдауды 279 мыңнан астам адам алып отыр.
Осылайша, мемлекеттік төлемдер өңір халқының едәуір бөлігін қамтып, әлеуметтік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.
Қаражаттың басым бөлігі зейнетақы төлемдеріне тиесілі – 50,5 млрд теңгеден астам, ал мемлекеттік жәрдемақыларға 6,1 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған.
Ай сайын төлемдерді қамтамасыз етуге шамамен 21,4 млрд теңге жұмсалады, бұл жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың тұрақтылығы мен жүйелілігін көрсетеді.
Жыл басынан бері облыстың ХҚКО-ларына зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша 16 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл қызметтердің халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін аңғартады.
«Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау жұмыстары штаттық режимде жүргізілуде. Қызметтер уақытылы әрі толық көлемде көрсетіледі», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Мурат Умирзахов.
Айта кетейік, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беру мақсатында ХҚКО-ға жүгіну қажет.