
Көкпекті ауданы әкімінің аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Дархан Бердібекұлы мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мамандармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын сақтау, іскерлік қарым-қатынас мәдениетін ұстану және ресми мінез-құлық қағидаларын қатаң орындау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ ойын мекемелеріне барудан тартыну, әріптестерге жеке діни көзқарастарын таңбау және қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол бермеу қажеттігі атап өтілді.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және кез келген құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын нығайтудың маңыздылығы айтылды. Әдеп жөніндегі уәкіл мүдделі тараптардан сыйлықтар, ақша қаражаты, қызметтер немесе өзге де материалдық игіліктерді қабылдауға заңмен тыйым салынатынын түсіндірді. Сонымен қатар қысым көрсету, пара сұрау немесе ұсыну фактілері орын алған жағдайда бұл туралы дереу басшылыққа немесе құзырлы органдарға хабарлау қажеттігі ескертілді.
Қызметтік ақпараттың құпиялылығын сақтау, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру және кәсіби жауапкершілікті күшейту – жас мамандардың негізгі міндеттерінің бірі екені ерекше атап өтілді.