
Семейде №31 мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен экологиялық акция өтті. Іс-шара барысында қатысушылар қайта өңдеуге болатын қалдықтарды жинап, кітап алмастырып, қалдықтарды дұрыс сұрыптау қағидаларымен танысты. Сонымен қатар «4 Лапы» жануарларға арналған панасына қолдау көрсетті.
Акция балалар мен жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болды. Абай облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаевтың айтуынша, мұндай бастамаларды тұрақты түрде, соның ішінде мектептер мен колледждерде дамыту және өткізу маңызды. Ол қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениеті ерте жастан қалыптасып, тек практикалық әрекеттерден ғана емес, әр адамның жеке көзқарасынан басталуы қажет екенін атап өтті.
- Бүгін осындай ауқымды шараға келген баршаңызды қуана қарсы алып отырмын. №31 мектептің педагогы Шынар Қайырбаева менің қабылдауыма жазылып, осындай ауқымды акция өткізу мәселесін талқыладық. Бүгін оның 20 оқушысы бүкіл қала айтып жатқан осындай іс-шараны өткізіп отыр. «Таза Қазақстан» ең алдымен өзіміздің санамыздан, ойымыздың тазалығынан және осындай құндылықтарды бала кезден бойға сіңіруден басталады. Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Соған орай біз тағы бір іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған барлық экологиялық белсенділерді шақырамыз, – деді Олжас Бейсенбаев.
Сонымен қатар басқарма басшысы іс-шара барысында экологиялық бағыттардың қаншалықты кең қамтылғанына тоқталды.
- Мұнда буккросинг, қолдан жасалған бұйымдар ұсынылған. Акция барысында «4 Лапы» жануарларға арналған панасына қолдау көрсетуге, сондай-ақ қалдықтарды дұрыс сұрыптауды үйренуге болады. Бұл өте маңызды. Өйткені осылайша біз экологиялық мәдениетті қалыптастырып, өскелең ұрпаққа қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын түсіндіре аламыз. Меніңше, мұндай тәжірибені басқа мектептер мен колледждерде де енгізуіміз керек. «Таза Қазақстан» – бұл тек көшелерді тазалау емес, ең алдымен ойымыздың тазалығы, – деп қосты Олжас Бейсенбаев.
№31 мектептің педагогы, акцияны ұйымдастырушылардың бірі Шынар Қайырбаева оқушыларының «Taza club» экоклубы аясында іс-шараны ұйымдастыруға үлкен қызығушылықпен кіріскенін атап өтті.
- Бүгінгі қайта өңдеуге болатын қалдықтарды жинауға арналған экологиялық акцияның мақсаты – қалдықтарды сұрыптау арқылы қоқыс көлемін азайту. Барлығы отбасынан басталады. Егер балаларымызды қалдықтарды сұрыптауға, оларды жай ғана лақтырмай, қайта өңдеуге үйретсек, бұл өте маңызды әдетке айналады. Іс-шара – біздің экоклубтың бастамасы. Біз үшін ең қиыны – алғашқы шарамызды өткізу, балаларға қалдықтарды сұрыптаудың негізгі қағидаларын үйрету болды. Қайта өңдеуге болатын қалдықтарды қабылдау аймағынан бөлек, кітап алмасу аймағы да жұмыс істеп тұр. Акция барысында жиналған барлық кітапты әлеуметтік мекемелерге тегін беруді жоспарлап отырмыз, – деді Шынар Қайырбаева.
Ұйымдастырушылар экологиялық бастамаларды одан әрі жалғастырып, оларға мектеп оқушыларын, педагогтер мен экологиялық белсенділерді көбірек тартуды жоспарлап отыр. Акция барысында жиналған кітаптар әлеуметтік мекемелерге табысталады, ал қайта өңдеуге болатын қалдықтар одан әрі кәдеге жаратуға жіберіледі.
Мұндай іс-шаралар экологиялық әдеттерді күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға ықпал етіп, қаланың тазалығына әр адамның қарапайым әрекеттер арқылы үлес қоса алатынын көрсетеді.