Семей қаласында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлік жүгірісі» атты марафон өтті

Семей қаласында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлік жүгірісі» атты марафон өтті

Іс-шара «Қалалық офицерлер үйі» алаңынан басталып, М. Әуезов алаңында мәресіне жетті. Таңғы сағат 08:00-де басталған 3 шақырымдық жарысқа қала тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысып, салауатты өмір салтын насихаттап, бірлік пен достықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Жалпы марафонға 300-ден астам адам қатысып, әртүрлі жастағы спорт сүйер қауым бір алаңда бас қосты. Қатысушылар үшін бұл тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар халықтар арасындағы татулық пен бірлікті дәріптейтін маңызды шара болды.

Марафон қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер арасында үздік шыққан қатысушылар анықталып, жүлделі І, ІІ және ІІІ орын иегерлері арнайы марапаттармен марапатталды.

«Мен, ең алдымен, осы ауқымды жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі күн мен үшін ерекше сәтті болды - мен жүлделі үшінші орынға ие болдым. Ішкі толқынысым мен қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, өте бақыттымын! Жарыс жолы өте жеңіл әрі керемет атмосферада өтті, ал бүгінгі жайдарлы ауа райы бізге қосымша күш бергендей болды. Жеңіс пен сергектік салтанат құрған осынау айтулы мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» ,- дейді марафонның ІІІ орын иегері.

Мұндай спорттық іс-шаралар тұрғындарды белсенді өмір салтына баулып қана қоймай, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға да өз үлесін қосуда.