
Абай облысының барлық білім беру ұйымдарында «Қылмыссыз ортаны құру – қоғам міндеті» тақырыбында жалпы диктант өткізілді. Оған 30 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары мен колледждердің 1-курс студенттері қатысты.
Іс-шара құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және құқықбұзушылықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік қағидатын орнықтыруға бағытталған «Заң және тәртіп» идеологемасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Диктанттың негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара барысында қатысушылар құқықтық нормаларды сақтаудың, адалдық, әділдік және өзара құрмет қағидаттарының маңыздылығын түсінетіндерін көрсетті.
– Абай облысының барлық мектептерінде өткен бұл диктант оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етті. Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың негізі – заңды білу және оны сақтау. Осындай шаралар арқылы мектеп оқушыларының құқықтық санасын қалыптастыруға ерекше мән беріледі, – деді №31 мектептің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Раушан Ахметжанова.
Диктант қорытындысы бойынша қатысушылар өздерінің сауаттылық деңгейін тексеріп қана қоймай, құқықтық тәртіптің тұрақты әрі өркендеген қоғамның негізі екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.