
Қазақстанның теміржол саласының дамуы - кәсібіне адал, маңдай терімен еңбек еткен азаматтардың есімімен тығыз байланысты. Солардың қатарында бір салада бірнеше буын өкілдері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Әділхановтар әулетінің орны ерекше.
Әулеттің көрнекті өкілдерінің бірі – Әділханов Қазбек Ыдырысұлы. Ол теміржол саласында 40 жылдан астам уақыт табысты еңбек етіп келеді. Еңбек жолын қарапайым слесарь қызметінен бастап, шебер, бригадир, бөлім басшысы, директордың орынбасары сынды жауапты лауазымдарда қызмет атқарды. Қазіргі таңда ол «Аягөз вагон жөндеу депосы» ЖШС «Қамқор Вагон» филиалында сапа жөніндегі жетекші инженер болып жұмыс істейді.
Қазбек Ыдырысұлы өндірістік процестердің сапасын арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Ұжым ішінде білікті, талапшыл әрі жауапкершілігі жоғары маман ретінде сый-құрметке ие. Сонымен қатар, жас мамандарға тәлімгерлік жасап, кәсіби тәжірибесін үйретіп келеді.
Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін ол 8 Алғыс хатпен, 6 Құрмет грамотасымен, «Даңқты еңбегі үшін» және «Темір жол көлігіндегі қауіпсіздігі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Бұл марапаттар оның кәсібіне деген адалдығы мен табандылығының айқын дәлелі.
Әділхановтар әулетінің еңбек жолы әкесі Әділханов Ыдырыс Әділханұлынан бастау алады. Ол теміржол саласында 51 жыл еңбек етіп, әулетке берік кәсіби дәстүр қалыптастырды. Бұл жолды оның ұлдары мен немерелері абыроймен жалғастырып келеді.
Әділхановтар әулетінің теміржол саласындағы еңбегі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адалдық пен кәсіби сабақтастықтың жарқын үлгісі. Мұндай еңбек әулеттері жас мамандарға өнеге болып, еліміздің теміржол саласының дамуына зор үлес қоса береді.