Абай облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті

Абай облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті

Бүгін Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділовтің төрағалығымен облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынға Абай облысы Полиция департаментінің, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Жиын қатысушыларына жақында тағайындалған облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Арайлым Әлімжанова таныстырылды.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе – облыс аумағында әйелдер мен балаларға қатысты отбасылық зорлық-зомбылық бойынша алғашқы жартыжылдықта тіркелген қылмыстық істер мен құқықбұзушылықтар және олардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар.

— Биыл 2 мыңнан астам құқықбұзушы жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1789 қорғау ұйғарымы шығарылып, оларды бұзғаны үшін 202 тұлға жауапқа тартылды. Сонымен қатар, дағдарыс орталығына 353 адам, оның ішінде 190 әйел және 163 бала орналастырылды. 190 адамға заңгерлік және психологиялық көмек көрсетілді, — деді Абай облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әсет Өтепов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл мемлекеттік тапсырма аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған арнайы бөлімше құрылған. Полиция департаменті мен аудандық басқармаларда қосымша штат бірліктері енгізілген.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Жастар денсаулығы орталықтарының 2025 жылдың алғашқы алты айындағы жұмысы мен жасөспірімдер және жастар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу бағытында жүргізілген профилактикалық іс-шаралар туралы ақпарат ұсынылды.

Жиын соңында Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов көтерілген тақырыптардың өзектілігін айтып, аталған бағыттағы жұмыстардың жалғастырылатынын жеткізді.

— Отбасы құруды жоспарлап жүрген жастар мен жас отбасыларға қолдау көрсету шараларын қарастыру қажет. Бұл ретте арнайы кеңес беру кабинеттерін ашу, мамандар даярлау секілді жүйелі жұмыстар қолға алынуы тиіс. Ақпараттық жұмысты күшейту маңызды. Өнегелі отбасының үлгісін насихаттайтын телерадио бағдарламалар әзірлеу, сұхбаттар ұйымдастыру мен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңі жеңімпаздарын қоғамдық өмірге белсенді тарту ұсынылады. Ата-аналармен жұмысты күшейту керек. Себебі баланың болашағына, ең алдымен, ата-ана жауапты екенін әрбір отбасы терең сезінуі тиіс, — деп түйіндеді жиынды басқарма басшысы.