Семей қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облыстық филиалының Орталық кеңесінің кеңейтілген пленумы өтті. Алқалы жиынға Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов, Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысы Айман Нұрлыбек, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Пленум барысында өңірдегі әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің жай-күйі, оның ішінде Көкпекті ауданындағы нақты көрсеткіштер мен проблемалық мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ардагерлермен тиімді кері байланыс орнату, әлеуметтік бастамаларды жүйелеу аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.
Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов өз сөзінде ардагерлермен тұрақты әрі мазмұнды диалог орнатудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Облыс әкімі Берік Уәлиұлы Президенттің Жарлығымен тағайындала салысымен, сіздермен кездесіп өңірдің болашағы жайлы әңгімелесті. Ол кісі бұрынғы қызметтерінде де, қазір де ардагерлер қауымымен өте тығыз жұмыс істеп келеді. Бүгін ғана Болат Сапорұлының 85 деген мерейлі жасына орай, жеке қабылдап құттықтады.
Қоғамның рухани негізін қалыптастырған ардагерлер қауымы – ел ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақтың кепілі. Сіздердің әр ұсынысыңыз біз үшін аса құнды. Бүгінгі пленумда көтерілген барлық бастамалар мен пікірлер алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеріледі, – деді басқарма басшысы.
Пленум барысында қоғам қайраткері, ұзақ жылдар бойы ел игілігі үшін еңбек еткен ардагер Болат Сапоровтың 85 жасқа толған мерейтойына орай Алғыс хат табыс етіліп, ақжарма тілектер жолданды.
Жиын барысында Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Слямбек Мұқашев аудан көлемінде іске асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар бойынша баяндама жасап, нақты статистикалық мәліметтерге тоқталды.
– Қазіргі таңда аудан бойынша 2 398 зейнеткер тіркелген. Оның ішінде 31 тыл еңбеккері, 166 адам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Былтыр 59 зейнеткер, соның ішінде 1 тыл еңбеккері мен 6 мүгедектігі бар зейнеткер «Қарағайлы», «Мойылды», «Сарыағаш» шипажайларында сауықтыру көмегін алды. Ал биыл жыл басынан бері 30 зейнеткер, оның ішінде 1 тыл еңбеккері, 1 ауған соғысының ардагері және 2 мүгедектігі бар азамат шипажайлық ем қабылдады. Өз өтініштері бойынша 2024 жылы 4 зейнеткерге 160 мың теңге, ал 2025 жылы 2 зейнеткерге 60 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, – деді Слямбек Мұқашев.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесі қоғам өміріне белсенді араласқан зейнеткерлерді ынталандыруға айрықша көңіл бөліп отыр.
Оның айтуынша, жыл ішінде бірнеше мерекелік шаралар ұйымдастырылып, белсенді зейнеткерлер Алғыс хаттармен марапатталған.
Пленум соңында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, оларды нақты іске асыру бойынша тиісті жұмыс алгоритмін әзірлеу қажеттігі ортаға салынды.