Абай облысында үкіметтік емес ұйымдардың кеңесі өтті

Абай облысында үкіметтік емес ұйымдардың кеңесі өтті

Абай облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланыс және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына облыстық басқарма өкілдері, аудан әкімдіктері мен азаматтық қоғам ұйымдарының жетекшілері қатысты. Жиын барысында мемлекеттік құрылымдар мен ҮЕҰ арасындағы серіктестікті дамыту, денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимыл және азаматтық бастамаларды қолдау мәселелері қаралды.

Кеңесті ашқан Абай облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов отырыстың негізгі бағыттарын таныстырып өтті.

– Бүгінгі кеңесте денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі, жергілікті атқарушы органдардың ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл деңгейі және азаматтық бастамаларды қолдау мәселелері қарастырылады, – деді Ж. Жұмаділов.


Кеңес барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

– Қазіргі таңда туберкулез, ЖИТС және басқа да аурулардың алдын алу бағытында «Жаңа әлемі» және «СОЦkz» ұйымдарымен бірлескен жобалар іске асырылуда. Аталған ҮЕҰ тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл іс-шаралармен 300-ден астам адам қамтылды. Шаралар емдеу мекемелерінде ғана емес, қоғамдық орындарда да ұйымдастырылды, – деді басқарма басшысы.


Кеңес отырысында аудан әкімдіктерінің үкіметтік емес ұйымдармен байланысы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындау барысы және азаматтық сектордың ұсыныстары талқыланды. Жиын соңында қатысушылар ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды одан әрі дамыту және бірлескен жұмысты жүйелі жүргізу жөнінде пікір алмасты.