
Семей қаласындағы заңсыз құрылысқа қатысты сот шешімі: Басқарма басшысы үлескерлермен кездесті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Семей қаласындағы заңсыз құрылысқа қатысты сот шешімдері туралы әлеуметтік желілерде ақпарат таратқан болатынбыз.
Абай облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқарма басшысы Сайлау Байназаров Семей қаласында үлескерлермен кездесті.
Кездесу барысында Жібек жолы көшесі, 55 мекенжайында орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің заңсыз салынуы мәселесі қаралды. Сот аталған құрылысты заңсыз деп танып, нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы шешім шығарды.
Құрылысты «Dala SK Construction» ЖШС жүргізген. Компанияда Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес болуы тиіс сәулет-жоспарлау тапсырмасы, құрылыс жобасы, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, құрылысқа рұқсат болмаған.
Қазіргі уақытта сот орындаушылары шешімді іске асыру бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, құрылыс компаниясының аппеляциялық шағым беру құқығы бар.
Кездесу барысында басқарма басшысы басқарманың заң аясында жұмыс істейтінін, азаматтардың құқықтарын қорғауға әрқашан басымдық берілетінін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасымен әр үлескердің мәселесі жеке қаралатыны, ол үшін Үлескерлер орталығы ашылатынын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, облыстық прокуратура басшысының төрағалығымен үйлестіру кеңесі өтті. Онда үлескерлердің мәселелері кеңінен қаралып, шешім қабылдау үшін прокуратура, экономикалық тергеп тексеру департаменті әділет департаменті мен полиция өкілдерінен құралған жұмыс тобы құрылды.