
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны шамамен 20,5 млн адамға жетті. Оның ішінде 25 жасқа дейінгі азаматтар – 8,79 млн адам (42,9%), 25 жастан 65 жасқа дейінгілер – 9,73 млн адам (47,5%), 65 жастан асқандар – 1,98 млн адам (9,6%)[1]. Демографиялық болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай халық саны 26,5 млн адамға дейін өседі.
Қазақстан халқы санының өсуімен қатар оның жас құрылымы да өзгеруде: өмір сүру ұзақтығы артып, туу деңгейі төмендеп, егде жастағы азаматтардың үлесі өсуде, сондай-ақ еңбекке қабілетті халық санының зейнеткерлер санына арақатынасы қысқаруда. Бұл өзгерістер елдің әлеуметтік-экономикалық жүйесіне, оның ішінде зейнетақы жүйесіне елеулі ықпал етуде.
Демография мен еңбек нарығындағы жаһандық үрдістерді ескере отырып, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, ұзақ мерзімді теңгерімді және зейнетақылардың лайықты деңгейін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау» міндетін қойды.