
Жарма ауданының аумақтық сайлау комиссиясының сайлау науқаны кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын каскадты оқытуды ұйымдастыру жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 27 шілдеде Жарма ауданының аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері үшін «Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру, дауыстарды санау және қорытындылаудағы АСК орны мен міндеттері» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинардың мақсаты – АСК мүшелеріне сайлау процесін ұйымдастыру мен өткізудің негізгі бағыттарын түсіндіру, дауыс беру нәтижелерін санау және қорытындылау кезінде АСК жұмысының тәртібі мен міндеттері жөніндегі білімдерін жетілдіру болды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының негізгі талаптары, дауыс беру нәтижелерін есептеу тәртібі, сайлау құжаттарын рәсімдеу ерекшеліктері, сондай-ақ сайлау қорытындыларын шығару кезінде АСК-ның орны мен міндеттері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушыларға сайлау күні туындауы мүмкін түрлі жағдайлар бойынша тәжірибелік мысалдар келтіріліп, оларды заң талаптарына сәйкес шешу жолдары талқыланды.
Семинар соңында АСК мүшелері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтай отырып өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді.