Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының №67[1] қаулысына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының №10[2] қаулысымен бекітілген қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілуде. Аталған өзгерістер инвестициялық портфельді басқарушылардың (бұдан әрі – ИПБ) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жаңа тәсіл негізінде жүзеге асыруын көздейді. Жаңа тәсілге сәйкес, ИПБ тәуекел деңгейі, кірістілігі және инвестициялау мерзімдері бойынша ерекшеленетін үш инвестициялық портфельдің бірін таңдауы тиіс.
Осыған байланысты «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ) инвестициялық портфельді басқарушылардан инвестициялық портфельдерді қалыптастырудың төмендегі критерийлерін таңдағаны туралы хабарламалар алынғанын мәлімдейді:
- «Halyk Global Markets» АҚ – салымшылардың зейнетке шығу мерзіміне қарамастан зейнетақы активтерінен құралған инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийі таңдалды, ең төменгі кірістілік мәні 12 айдың қорытындысы бойынша есептеледі;
- «Alatau City Invest» АҚ – зейнетке шығуына 3 жылдан астам уақыт қалған салымшылардың зейнетақы активтерінен құралған инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийі таңдалды, ең төменгі кірістілік мәні 36 айдың қорытындысы бойынша есептеледі;
- «Сентрас Секьюритиз» АҚ – салымшылардың зейнетке шығу мерзіміне қарамастан зейнетақы активтерінен құралған инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийі таңдалды, ең төменгі кірістілік мәні 12 айдың қорытындысы бойынша есептеледі;
- «BCC Invest» АҚ – салымшылардың зейнетке шығу мерзіміне қарамастан зейнетақы активтерінен құралған инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийі таңдалды, ең төменгі кірістілік мәні 12 айдың қорытындысы бойынша есептеледі;
- «Halyk Finance» АҚ – салымшылардың зейнетке шығу мерзіміне қарамастан зейнетақы активтерінен құралған инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийі таңдалды, ең төменгі кірістілік мәні 12 айдың қорытындысы бойынша есептеледі.
Егер Сіздің жасыңыз «Alatau City Invest» АҚ таңдаған инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийінде белгіленген шекті жас талаптарына сәйкес келмесе, келесіні хабарлаймыз:
- Сіз зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына берген күннен бастап кемінде бір жыл өткеннен кейін зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) сенімгерлік басқаруына немесе инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийі жасыңызға сәйкес келетін басқа ИПБ-ға беруге құқылысыз;
- егер Сіздің зейнетақы жинақтарыңыз ИПБ-ның сенімгерлік басқаруында бір жылдан аз уақыт болса, басқарушы компания зейнетақы жинақтарын толық басқару кезеңі аяқталғанға дейін немесе зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға берілген күннен бастап бір жыл өткен соң, оларды ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына немесе жасыңызға сәйкес келетін басқа ИПБ-ға бергенге дейін басқаруды жалғастырады;
- зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарудың толық кезеңінің қорытындысы бойынша ИПБ, егер бар болса, өзі алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі мен зейнетақы активтерін басқарудың толық кезеңінен кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы ең төменгі кірістілік мәні арасындағы теріс айырманы өтеуді жүзеге асырады.
БЖЗҚ инвестициялық портфельді басқарушылар қабылдайтын шешімдер мен зейнетақы активтерін басқару жүйесіндегі өзекті өзгерістер туралы салымшыларды қосымша хабардар етіп отырады.
[1] "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 16 қазандағы № 67 қаулысы
[2] Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидалары