Жарма ауданында биыл ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Ағымдағы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 31 млрд теңгеден асты. Өсу қарқыны – 112,6%, ал жоспар 106,7%-ға орындалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Жарма ауданының әкімі Нұрлан Борсықбаев баяндады.
- Биылғы көрсеткіштер ауыл шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе мал шаруашылығында айтарлықтай өсім байқалады. Өндірілген өнім көлемі 23,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 21,6%-ға артты. Ет пен сүт өндірісі ұлғайып, аудан халқының азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде, – деді Нұрлан Борсықбаев.
Аудан бойынша ет өнімі 9 950,6 тонна, сүт – 30 234,2 тонна көлемінде өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тиісінше 100,8 және 101,9%-ды құрайды. Ал жұмыртқа өндірісі 20%-ға төмендеп, 2,3 млн дана көлемінде алынған.
- Өсімдік шаруашылығында биыл өнім көлемі 7,3 млрд теңгені құрап отыр. Аудан бойынша 81 мың гектар егістік алқабының 37,4 мың гектары игеріліп, өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артқан. – «Биыл дәнді дақылдардың түсімі гектарына орта есеппен 11,6 центнерден айналды. Майлы дақылдар алқаптарында орақ жұмыстары жалғасып жатыр», – деп атап өтті аудан әкімі.
Әкімнің айтуынша, алдағы кезеңде ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу және өңдеу саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.