«БЖЗҚ» АҚ 2025 жылдың 6 айында 25 миллионнан астам қызмет көрсетті 

«БЖЗҚ» АҚ 2025 жылдың 6 айында 25 миллионнан астам қызмет көрсетті 

«БЖЗҚ» АҚ-ның (БЖЗҚ, Қор) цифрлық форматта көрсетілетін қызметтеріне салымшылар тарапынан қызығушылық артып келеді. Себебі олар тәулік бойы қолжетімді. 

01.01.2025ж. мен 30.06.2025ж. аралығында халыққа шамамен 25,1 млн қызмет көрсетілді. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 13,6 млн-нан астамы электрондық форматта, 10,6 млн-нан көбі автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электрондық және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,1%-ын құрады. Қор қызметкерлері салымшыларға шамамен 480,6 мың қызметті жүзбе-жүз көрсетті, оның ішінде 471,0 мыңнан астамы тікелей Қордың кеңселерінде жүзеге асырылды.

Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, "Ұлттық қор ­— балаларға" бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар да автоматты түрде есептеледі.

Есепті кезеңде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор ­— балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 896,9 мыңға жетті. 

Жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу бұрынғысынша ең танымал қызмет санатында. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ-дан шамамен 14,9 млн үзінді көшірме берілді. Оның 12,5 млн астамы – электрондық, ал 1,9 млн-нан көбі автоматты түрде рәсімделді. Шоттың жай-күйіне қатысты ақпаратты жеке кабинет арқылы алу – зейнетақы жинақтарын қадағалаудың ең ыңғайлы, сенімді және жедел тәсілі. Қызмет тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді, бұл ақпаратты кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зейнетақы шоттары туралы ақпаратты БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтарға өте қолайлы. БЖЗҚ 2025 жылдан бастап жыл сайынғы үзінді көшірмелерді пошта арқылы автоматты түрде жіберу тоқтатылғанын ескертеді. Бірақ, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты "БЖЗҚ" АҚ атына тиісті сұранысты жіберген пошта арқылы алу мүмкіндігі сақталады.

Салымшылардың (алушылардың) Қор сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинеттен үзінді көшірме алудан басқа өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шотының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру сияқты қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, зейнетақы жарналарын төлеу туралы өтініштің мәртебесін қадағалау, инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) жинақтардың бір бөлігін аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және т.б. қызметтер қолжетімді. Мәселен, жыл басынан бері салымшылардан жинағының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға аудару туралы 33,9 мың өтініш қабылданып, оның 31,8 мыңы электрондық нұсқада іске асырылған.   

2025 жылдың қаңтар-маусым айларында деректемелерді өзгертуге 69,8 мыңнан астам өтініш қабылданды. Оның шамамен 65,8 мыңы Қордың кеңселерінде ұсынылды. 

БЖЗҚ мамандарына қандай да бір қызмет түрі бойынша жүгіне отырып, салымшылар, әдетте, жинақтарды қалыптастыруға қатысты қосымша кеңестер ала алады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында шамамен 25,3 мың көшпелі таныстырылым өткізіліп, оған шамамен 522,0 мың адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ хабарламалары бойынша 21,9 мыңнан астам материал жарияланды.

Салымшылар мен алушылардың кері байланыс арналары бойынша түскен өтініштерінің саны 274,9 мыңнан асады.

Естеріңізге сала кетейік, кез келген компания Қор кеңсесіне барып жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша таныстырылым мен кеңестер өткізуге өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалып, Қор сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы хабарласу қажет.

БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.