Абай облысының цифрлық әлеуеті Creative Aimaq республикалық алаңында таныстырылды

Абай облысының цифрлық әлеуеті Creative Aimaq республикалық алаңында таныстырылды

Астана қаласында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған «Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі» көрме-жәрмеңкесі өтті.

Іс-шара бір алаңда халық қолөнерін, бейнелеу өнерін, өңірлік брендтерді, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы озық әзірлемелер мен жобаларды біріктірді.

Өңірдің цифрлық бағытын таныстыру мақсатында Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасы Abai IT технопаркінің резиденттерін іріктеп ұсынды.

Көрмеде келесі жобалар таныстырылды:
— Jidek.kz — жұмыспен қамту және еңбек нарығын талдау саласындағы цифрлық платформа;
— Soz.lab — 5–7 жас аралығындағы балалардың сөйлеу бұзылыстарын ерте анықтауға және түзетуге арналған AI-платформа;
— SanEduPortal — жұмыстан қол үзбей онлайн форматта міндетті гигиеналық оқытудан (санминимум) өтуге арналған заманауи цифрлық платформа;
— Q-Ray Vision — фишингтік сілтемелердің жергілікті базасы бар отандық антивирус;
— Bekonai Toys — экопластиктен 3D-баспа әдісімен дайындалған ұлттық нақыштағы ойыншықтар;
— Solar Semey — күн электр станцияларын жобалау және толық орнату қызметі (Solar Asia компаниясының ресми инсталляторы);
— Mango Development — экономиканың 10 саласында 25-тен астам жобаны жүзеге асырған бизнеске арналған цифрлық өнімдерді әзірлеуші компания.

Көрмеге келушілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Abai IT резиденттерінің интерактивті экспонаттарына ерекше қызығушылық танытты. Mango Development компаниясы өздерінің ойын әзірлемелерімен қатар, нағыз ақын мен AI-ақынның айтысуына мүмкіндік беретін «Айтыс» жобасын таныстырды. Бұл жоба қазақтың дәстүрлі өнері мен заманауи технологиялардың үйлесімін айқын көрсетеді.

Сондай-ақ ұлттық музыкалық аспап — жетігенде күй орындайтын робот көпшіліктің назарын аударды. Бірегей жобаның авторы — Abai IT резиденті Бақытбек Нұрлыбекович Орынбаев.

«Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі» көрме-жәрмеңкесіне қатысу Абай облысының технологиялық қауымдастығының талантты әзірлеушілерді, кәсіпкерлерді, студенттер мен түлектерді біріктіретінін және олардың бәсекеге қабілетті цифрлық өнімдер жасап жатқанын республикалық деңгейде көрсетуге мүмкіндік берді.

Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасы Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына және Creative Aimaq республикалық жобасының ұйымдастырушыларына сенім білдіріп, өңірдің технологиялық әлеуетін республикалық деңгейде таныстыруға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдіреді.