
2026 жылғы туристік маусым қарсаңында Алакөл жағалауында ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Биыл алғаш рет жағалауға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. «Қазақтелеком» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, жоғары жылдамдықты интернетті демалыс орындарына дейін жеткізу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен қосымша 2 антенна-діңгек құрылымы салынуда. Қазіргі таңда электр монтаждау жұмыстары жүргізіліп, байланыс операторларының базалық станцияларын туристік маусым басталғанға дейін іске қосу жоспарланған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жағалаудағы байланыс желісінің қамтылуы мен өткізу қабілеті айтарлықтай артады. Егер 2025 жылы «Теле2» операторының 1 базалық станциясы жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 3-ке жетті. Сол сияқты Kcell/Activ операторларының базалық станциялары да 1-ден 3-ке дейін көбейді.
Заманауи байланыс инфрақұрылымы – туристер үшін жайлы демалыс пен қауіпсіздіктің маңызды кепілі.