Абай облысында цифрлық технологияларды дамыту мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйектегі Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің ел дамуы үшін маңызы ерекше атап өтілді. Осыған сәйкес өңірде жеті басым бағыт айқындалды. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, аграрлық сектор және қоғамдық қауіпсіздік салаларында AI жобаларды енгізу, сондай-ақ 2026 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметті толық онлайн форматқа көшіру көзделген.
Инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылуда: ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желісін (ВОЛС) және 5G интернетін жеткізу, деректерді өңдеу орталығын салу, Семей қаласында Smart City жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
Су ресурстарын басқаруда да жасанды интеллект қолданылмақ. 17 мыңнан астам өзенді, мыңдаған көл мен су қоймаларын қамтитын бірыңғай цифрлық платформа әзірленеді.
Жас кадрларды даярлау мәселесі де басты назарда.
– Tech Orda бағдарламасы аясында 2026 жылға дейін 1 500 IT маман даярланып, колледждер мен жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылады. Сонымен қатар AI-стартаптарды қолдайтын акселератор құрылады, – деп қорытындылады А. Серікұлы.