Сапар барысында өңір тұрғындарымен кездесу өткізіліп, цифрлық қызметтер мен жаңа жобалар таныстырылды.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92% электронды түрде көрсетіледі. Олардың 90% тұрғындар смартфон арқылы қол жеткізіп отыр. Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы 56 қызмет ұсынылып, 33 миллион рет пайдаланылған.
Өткен жылы 341 миллион қызмет көрсетілсе, соның 91% цифрлық форматта жүзеге асқан. 51 қызмет проактивті түрде іске қосылып, 3,7 миллион рет қолданылған.
Әлеуметтік салада да цифрлық шешімдер енгізілуде. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында мектеп оқушыларына ыстық тамақ, халыққа дәрі-дәрмек пен газ ваучерлері электронды түрде беріліп жатыр. Биыл 1841 мектепке құрылғылар орнатылып, 5,2 млн түскі ас берілген. Ал 771 дәріхана арқылы 6,2 млн рецепт бойынша дәрі таратылған.
Білім, әлеуметтік қорғау және еңбек салаларындағы бірқатар қызметтер де проактивті форматқа ауысты. Жаңа сервистер қатарында автокөлікті онлайн рәсімдеу, цифрлық ипотека, онлайн нотариус пен құмар ойындардан бас тарту қызметі бар.
Абай облысында қазіргі таңда 3 ХҚКО, 10 аудандық бөлім, 1 мамандандырылған ХҚКО және 26 бэк-офис жұмыс істейді.
Ақпараттық қауіпсіздік те назарда. Биыл кибершабуылдардың алдын алу, деректердің заңсыз таралуына жол бермеу бағытында бірқатар шаралар атқарылды.
Сондай-ақ, ғарыштық мониторинг арқылы Семей мен Аягөзде 233 заңсыз қоқыс орны мен 80 заңсыз пайдалы қазба фактісі анықталған. Бұл деректер арнайы geoservice.nedro.gharysh.kz платформасына енгізілуде.