Абай облысының орталығы – Семей қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, көрнекті жазушы, абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әдебиетіндегі көркем ойлау жүйесі және Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық даралығы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Алқалы жиынға Қазақстан, Түркия және Өзбекстаннан әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдар, абайтанушылар мен алаштанушылар, зиялы қауым өкілдері, жас зерттеушілер жиналды.
Конференция жұмысына Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, пленарлық мәжілісте сөз сөйледі. Өңір басшысы Тұрсын Жұртбайдың қазақ ғылымы мен ұлттық руханиятына қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
Пленарлық мәжілісте отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасап, Тұрсын Жұртбайдың қаламгерлік және зерттеушілік мұрасын әр қырынан зерделеді. Баяндамаларда қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері, Алаш мұрасын зерттеу, қаламгердің авторлық стилі мен шығармашылық даралығы, көркем ойлау жүйесі мен шығармашылық психологиясы кеңінен сөз болды.
Конференция аясында профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұлт ақыны. Мағжан Жұмабайдың шығармашылық өмірбаяны» және «Өлгендермен өмір сүремін» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Мерейтой иесі халықаралық конференцияны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын жеткізді