«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауы қорытындыланды

«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауы қорытындыланды

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – татулық туы» фестивалі аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның қазақстандық қоғамның бірлігін нығайтудағы рөлін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауының қорытындысы шығарылды.

          Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдегі жарнама мәтіндерін сауатты ресімдеуді насихаттау, көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тіл нормаларының сақталуына назар аудару, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтау мәселесін кеңінен түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру.

          Байқау қорытындысы бойынша «Үздік көрнекі ақпарат» номинация бойынша Семей қаласының «Шығыс Бройлер» ЖШС; «BARQY» қымызханасы; «BAYRIM» жылдам тамақтану кафесі және Жарма ауданының «SANYRAQ» шеберханасы марапатталды.

          «Үздік ұлттық нақыштағы атау» номинациясы бойынша Ақсуат ауданының «Қара шаңырақ» дәмханасы және Жарма ауданының «Томпақ» балалар ойын-сауық орталығы жеңімпаз атанды.

          Номинация жеңімпаздарының әрқайсысына 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

          Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және тіл мәдениетін қалыптастыруға белсенді үлес қосып жүрген азаматтар «Тіл жанашыры» номинациясымен марапатталды.

          Аталған номинация бойынша Аягөз ауданының «Мөлдір сана» газетінің меншікті тілшісі Нұрлы Ермекқызы Амантаева; Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Манарбек Сатыбалды; жазушы, журналист Қадыр Бақытбек; Абай облысы лингвистикалық орталығының ағылшын тілі оқытушысы Абай Нұржанұлы; Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №12 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Балауса Рақымбердіқызы Қонысбаева; Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі Ақпараттық-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Мейрамгүл Оралбекқызы Маханбетова; Семей қаласының «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айнагүл Уәзірханқызы Жамбыраева; Семей қаласының Жүсіпбек Аймауытов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Бауыржан Бақытбекұлы Шәріпханов марапатталды.

          «Тіл жанашыры» номинациясының әрбір жеңімпазына 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

          Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – ортақ міндет. Сауатты жарнама мен сапалы көрнекі ақпарат – мемлекеттік тілге деген құрметтің және тіл мәдениетінің маңызды көрсеткіші.

          Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы байқауға белсенді қатысып, мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқан барлық қатысушыларға алғыс білдіреді.