
Семей қаласында 2026 жылғы 20 мамыр күні сағат 17:00-де Абай атындағы театр сахнасында «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауының қорытынды гала-концерті өтті. Ауқымды мәдени шара Абай облысы әкімдігі қолдауымен және Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған байқау Абай өңірінің мәдени әлеуетін танытып, аудандық көркемөнерпаз ұжымдардың шығармашылығын қолдауға бағытталған. Гала-концерт барысында облыстың әр ауданынан келген өнерпаздар ән, күй, би және этно-фольклор жанрларында өнер көрсетіп, ұлттық өнердің бай мұрасын сахна төрінде паш етті. Кеш бағдарламасында халықтық ансамбльдер, оркестрлер, дәстүрлі әншілер, жас орындаушылар мен би ұжымдарының үздік қойылымдары ұсынылды. Кештің шарықтау шегі ретінде жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өткізілді.
Салтанатты марапаттау рәсіміне Берік Уәли қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Байқау нәтижесінде жүлделі ІІІ орын Бесқарағай ауданы мен Аягөз ауданы аудандарына бұйырып, 5 миллион теңге қаржылай сертификат, ІІ орынды Жарма ауданы иеленіп толық қамтылған музыкалық аппаратура, І орын алған Үржар ауданына шағын автобус, Бас жүлде иегері Абай ауданынa заманауи құрылмалы сахна кешені табысталды.
«Абай елі – өнер кеніші» байқауы өңірдегі мәдени өмірді жандандырып, аудан өнерпаздарының шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба ретінде өз жалғасын табуда.