Абай облысында «Наурызнама» онкүндігі аясында Секен Тұрысбектің шығармашылық кеші өтті

Абай облысында «Наурызнама» онкүндігі аясында Секен Тұрысбектің шығармашылық кеші өтті

Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесіне орай елімізде өтіп жатқан жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігіне сәйкес Абай облысында арнайы мәдени іс-шаралар жоспары бекітіліп, өңірде мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылуда.

Осы жоспарға сәйкес «Семей көктемі» мәдени маусымы шеңберінде Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Секен Тұрысбектің «Көктемім менің, көктемім» атты шығармашылық кеші өтті.

Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өткен мерекелік кешке өңірдің зиялы қауым өкілдері, басқарма басшылығы және Абай елінің өнерсүйер жұртшылығы қатысты.

Кеш барысында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның өнерпаздары сахнаға шығып, көрермен назарына ерекше концерттік бағдарлама ұсынды. Сахна төрінде орындалған музыкалық шығармалар қазақтың күй өнерінің көркем өрнегін танытты.

Шараның құрметті қонағы – Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Бибігүл Қилымхан Секен Тұрысбектің туындыларын орындап, кештің көркем мазмұнын толықтыра түсті.

Наурыз мерекесінің рухымен астасқан шығармашылық кеш көрерменге ұлттық өнердің әсем әуезін ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.