
Өңір дамуына үлес қосқан нәзік жандар марапатталды
Семей қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Арулар – асыл жандар» атты мерекелік концерт өтті. Көктем мерекесіне арналған салтанатты кеш сахна мен көрермен залын ерекше көңіл күйге бөлеп, өңірдің әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Мерекелік концертті Абай облысының әкімі Берік Уәли тамашалады.
Кеш барысында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі қоғамның дамуына, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген нәзік жандардың еңбегіне тоқталып, өңірдің қоғамдық өмірінде белсенді қызмет атқарып жүрген бірқатар азаматшаларға мемлекеттік марапаттар табыс етті.
Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордені еңбек ардагері Гүлнар Төлеутаеваға және Үржар ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Раушан Қасеноваға берілді. «Ерен еңбегі үшін» медалі Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Айжан Арикбаеваға, «KAZAKHSTAN BUILDINGS-I» ЖШС директоры Татьяна Горбачёваға және еңбек ардагері Лэйла Маусунбаеваға табыс етілді.
Ақсуат ауданының арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Лаура Сәрсембаева «Шапағат» медалімен марапатталды. Ал Inbusiness.kz интернет-ресурсының редакторы Екатерина Гуляева «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болса, Семей қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Гүлжан Алтынбекова «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Өңірдің қоғамдық, әлеуметтік және білім салаларында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматшалар «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен наградталды. Бұл марапат Облыстық лингвистикалық орталықтың бас бухгалтері Сайраш Капаковаға, «Адал Ас» ЖШС директоры Раушан Мұқажановаға, Alikhan Bokeikhan University проректоры Майгүл Матаеваға, «Возрождение» немістердің қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарукке, «Семей қаласының хосписі» КМҚК басшысы Ғалия Жуасбаеваға, білім саласының ардагері Ардақ Солтанаеваға және №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі директорының орынбасары Айгерім Тоқтыбаеваға табыс етілді.
Сондай-ақ бірқатар азаматшалар Абай облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншісі Маржан Тлеулинова, Абай атындағы театр әртісі Сәндібала Бекбаева, Аягөз ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ажар Молдабаева, еңбек ардагері Шолпан Өкпебаева, «Аягөз әлемі» журналының редакторы Айгүл Нұрғалиева, білім саласының қызметкері Анаргүл Серғазықызы және облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Майдаш Жұмаділова бар.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен «Мәдениет туралы» заң талаптарына сәйкес концерт Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен толықтай жанды дауыста өтті.
Сахнада оркестр мен вокалдық ансамбль, сондай-ақ оркестр солистері Мұхтар Қайсар, Боранбай Қалибаев, Нұрбек Амантұрұлы, Еркебұлан Мұсаев, Дина Исбекова, Олжас Оспан, Серікбол Сейілханов, Анастасия Фишер, Алтынай Алатаева және Диана Мұратова, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншілері Айгерім Тоқтыбаева мен Айгерім Аширова өнер көрсетті. Сонымен бірге қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков және концерттің арнайы қонақтары – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жұбаныш Жексенұлы мен қазақ эстрадасының танымал әншісі Еркеш Хасен көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.