Абай облысының шығармашылық зиялы қауымы Жаңа Конституцияны қолдады

Абай облысының шығармашылық зиялы қауымы Жаңа Конституцияны қолдады

Абай облысында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңірдегі шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Іс-шара Абай атындағы облыстық кітапхананың оқу залында ұйымдастырылды. Талқылау жұмысына мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар, ақындар, жазушылар, театр және кино саласының мамандары, музей, оқу-ағарту салаларының қызметкерлері және өңірдегі өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесуде Жаңа Конституция жобасының құндылығы мен мазмұндық негізі, сондай-ақ оның ұлттық мәдениетті дамытудағы және мемлекеттік бірегейлікті нығайтудағы маңызы басты назарға алынды.

Пікірталас барысында қатысушылар Жаңа Конституция жобасының тек құқықтық мазмұны ғана емес, терең құндылығы бар екенін атап өтті. Құжат Қазақстан мемлекеттілігінің кемелдігін, тарихи құндылықтарға сүйенудің маңызын және дербестік, әділдік, заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарының мызғымастығын бекітеді.

Ашық диалог аясында мәдениеттің қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі, әдебиет пен өнерді қолдау, тарихи жадыны сақтау мәселелері көтерілді. Абай облысының шығармашылық зиялы қауым өкілдері Жаңа Конституцияны тек құқықтық шеңберді белгілейтін құжат емес, ел дамуының моральдық бағытын айқындайтын маңызды құжат ретінде қабылдайтындарын айтып, алдағы референдумға қолдау білдірді.