
Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде «Абай облысының тарихи-археологиялық мұрасы: алғашқы зерттеу нәтижелері» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Алқалы жиын Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Шәкәрім университеті мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен өткізілді.
Ғылыми басқосу өңір аумағында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелерін саралап, оларды ғылыми айналымға енгізу мәселелерін талқылауға арналды. Конференция жұмысына еліміздің жетекші археологтары мен тарихшылары, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Конференцияның ашылуында Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан сөз сөйлеп, өңірдің тарихи-археологиялық мұрасын қорғау мен ғылыми тұрғыда зерделеу жұмыстары тұрақты назарда екенін атап өтті.
Пленарлық отырыста Абай облысы аумағында жүргізілген далалық және талдамалық зерттеулердің алғашқы нәтижелері таныстырылды. Ғалымдар қазба жұмыстарында алынған жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізу, археологиялық нысандарды сақтау тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ көне және ортағасырлық ескерткіштерді кешенді зерттеу бағыттарын талқылады.
Конференция аясында ғылыми және тарих-танымдық басылымдардың тұсаукесері өткізіліп, археология саласындағы жаңа зерттеу еңбектері ғылыми қауымдастық назарына ұсынылды.