Мазмұны терең жыр бәйгесі елдік мүддені бәрінен биік қойған тарихи тұлғаның тағылымды жолын жаңаша зерделеп, ұлт жадында сақталған асыл мұраны поэзия тілі арқылы қайта жаңғыртуға бағытталды. Сөз өнерін серік еткен ақындар дала даналығының мәйегін бүгінгі уақыттың тынысымен сабақтастырып, көркем ой мен кестелі тіл арқылы мазмұнды жеткізді.
Мүшәйраға барлығы 13 ақын қатысып, шығармашылық қарымын ортаға салды. Байқау талаптарына сәйкес дода екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар «Дала даналығының үні» тақырыбында Кеңгірбай Жандосұлына арнау жырларын оқыды. Екінші кезеңде еркін тақырып аясында Отан, туған жер және тіл құндылығы туралы толғаныстарын ұсынып, жырға қосты.
Қазылар алқасының құрамына «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Дәулет Сметов, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры, ҚР Жазушылар одағының Абай облысы бойынша филиалының төрағасы Мерей Қарт, Республикалық «Абай әлемі» фестивалінің бас жүлде иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Бауыржан Игілік енді.
Қазылар үміткерлердің шығармаларындағы сөз саптау мәдениетіне, ұйқас пен ырғақ үйлесіміне, ой тереңдігі мен көркемдік шешіміне, дауыс мәнері мен сахна мәдениетіне, сондай-ақ киім үлгісіне ерекше назар аударды.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Әлішер Нұрабдоллаевқа, екінші орын Қуаныш Еркінұлына, үшінші орын Темірлан Темірбайға берілді. Арнайы жүлде Жасұлан Мақаевқа табысталды. Өзге қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
«Дала даналығының үні» мүшәйрасы – тарихи мұраны ұлықтау мен ұлттық поэзияның көркемдік көкжиегін кеңейтуге бағытталған мазмұнды мәдени бастама ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.