
Кездесу барысында аймақ басшысы өңірдің мәдениет саласында қолға алынған игі істерге, қаламгерлердің табыстарына тоқталды.
• Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен белгілі ақын Төлеген Жанғалиев мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегері атанды. Айтыскер ақын Әсем Ережеқызы жақында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығымен марапатталды. Өткен жылы «Абай жолы» кітапханасы» сериясы аясында 25 ақын-жазушының еңбегі жарық көріп, өңір руханиятына нақты қолдау көрсетілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, алдағы уақытта облыста «Тарбағатай» дәстүрлі өнер театрын ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ, басқосуда Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры Мерей Қарт «Абай жолы» кітапханасы» жобасын таныстырды. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Дәулет Сметов өңірдегі айтыс өнерінің дамуы, жас ақындарды қолдау және айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Абай облыстық филиалының жұмысы туралы айтты.
Еркін форматта өрбіген кездесуге өңірдің қала-аудандарындағы зиялы қауым өкілдері, айтыс ақындары, жазба ақындары, қаламгерлер қатысты.